Басқару

Астанада саяси партия өкілдерінің сайлау алдындағы телепікір сайысы өтті

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бесінші шақырылған Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісін тарату және Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы Жарлыққа қол қойғаны баршаға белгілі. Онда бесінші шақырылған Парламент Мәжілісін тарату, партиялық тізімдер бойынша сайланатын Парламент Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын 2016 жылғы 20 наурызға тағайындау, Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын 2016 жылғы 21 наурызға тағайындау атап көрсетілген еді.
Нұр-Сұлтан17 Наурыз , 10:32

Жарлық күшіне енген сәттен бастап еліміз бойынша сайлауға қызу дайындық басталып кетті. Орталық сайлау комиссиясы өздеріне жүктелген міндетті абыроймен атқару үшін сайлау заңнамасына сәйкес барлық талап-тілектер бойынша тиісті шараларды атқаруда. Дәл бүгінгі таңда Парламент Мәжілісінің депутаттығына және барлық деңгейдегі мәслихат депутаттығына үміткерлер тіркеліп, өздерінің үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп жатыр. Саяси партиялар сайлауалды бағдарламаларын бекітіп, халықты ақпараттандыру арқылы дауыс беруге шақыруда. Осының өзі елімізде демократиялық қағидалардың орындалып жатқанының көрінісі деуге болады. Көп партиялы Парламенті бар ел ретінде танылу – бұл демократиялық мемлекет болып қалыптасқанымызды әлемге паш етумен бірдей.

Еліміздегі саяси науқанның әділ өтуін қадағалау үшін шетелдік сарапшылар мен байқаушылар да тіркеліп үлгерді. Егер осы жолғы сайлауды да демократиялық талаптарға сай етіп өткізетін болсақ, Қазақстанның аты тағы бір әлемге әйгіленетін болады. Осы жылдың 14-ші наурызы күні Орталық сайлау комиссиясы «2016 жылғы 20 наурызға тағайындалған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауына және мәслихаттары депутаттарының кезекті сайлауына халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттердің байқаушыларын аккредиттеу туралы» қаулы қабылдаған болатын.

Аталған қаулыға сәйкес Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің ұсынуы бойынша сайлауды байқау жөніндегі екі Миссияның, екі халықаралық ұйымның және 29 шет мемлекеттің тағы 207 байқаушысын аккредиттеді. Айта кетейік, 14-ші наурыздағы жағдай бойынша  Ортсайлауком Сыртқы істер министрлігінің ұсынуы бойынша халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттердің барлығы 815 байқаушысын аккредиттеді. Олардың ішінде ЕҚЫҰ/ДИАҚБ-ның 286 байқаушысы, ТМД Миссиясының 301 байқаушысы, 9 – Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының Миссиясынан, 75 – ЕҚЫҰ Парламенттік Ассамблеясынан, 14 – Еуропа Кеңесінің Парламенттік Ассамблеясынан, 17 - Түркітілдес елдер ынтымақтастығының Кеңесінен, 3  – Ислам ынтымақтастығы ұйымынан, 8 – Түркітілдес елдердің Парламенттік Ассамблеясынан, шет мемлекеттерден 102 байқаушы. Бұдан басқа Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі 29 мемлекеттен шетелдік БАҚ-тың 140 өкілін аккредиттеді. Осылайша, қазіргі уақытта 955 халықаралық байқаушы мен шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарының өкілі аккредиттелген.

Сонымен қатар, осы күні Орталық сайлау комиссиясы 2016 жылғы 16 наурызда «Хабар» телеарнасында сайлауға қатысатын саяси партиялардың пікір-сайысын өткізу туралы қаулы қабылдап, оны өткізудің регламентін бекітті. Пікір-сайысқа қатысу үшін сайлауға қатысушы әрбір саяси партиядан бір өкілден шақырылуы тиіс. Регламент бойынша қатысушылар жеке басты қаралаудан, саяси партияның, оның мүшелерінің намысына, абыройы мен іскерлік беделіне көрінеу нұқсан келтіретін сөз айтудан, басқа саяси партиялардың өкілдерін кемсітуден аулақ болып, жалпыға бірдей қабылданған әдеп нормаларын сақтауға тиіс.

Республиканың конституциялық құрылысын күштеп өзгертуді, оның тұтастығын бұзуды, мемлекет қауiпсiздігіне нұқсан келтiруді, әлеуметтік, нәсілдiк, ұлттық, дiни, тектiк-топтық және рулық араздықты қоздыруды, қатыгездiк пен зорлық-зомбылыққа бас ұруды, сондай-ақ заңнамада көзделмеген әскерилендiрілген құралымдар құруды насихаттауға және үгіттеуге жол берілмейді, делінген қаулыда.

Қаулының қағидалары бұзылмай, саяси партиялардың пікір-сайыстары да өтті бүгін. Оған «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Асқар Мырзахметов, «Ақ жол» партиясының төрағасы Азат Перуашев, «Ауыл» халықтық-демократиялық партиясының төрағасы Әли Бектаев, Қазақстанның коммунистік халық партиясының құрметті хатшысы Владислав Косарев, Жалпыұлттық социал демократиялық партиясының өкілі Зәуреш Батталова, «Бірлік» партиясының мүшесі Роза Қуанышева  қатысты. Пікірсайыс 3 раундтан тұрды. Алғашқы раунд «Әлемдік экономиканың нақтылығы: проблемалары мен перспективалары» деп аталды. Екінші раундта саяси пікірсайысқа қатысушылар «Қазіргі жағдайдағы инфрақұрылым, көлік, логистика» тақырыбында өз ойларын ортаға салды. Соңғы раундта пікірсайысқа қатысушы партиялардың өкілдері өз сайлаушыларына үндеу жолдауға мүмкіндік алды.

Сайлау қарсаңында саяси партия серкелері немесе өкілдері арасында пікір-сайыстар ұйымдастыру тәжірибесі әлемдік саясатта дәстүрге айналған. Алпауыт АҚШ-тан бастап, Еуропаның дамыған елдері президенттік, парламенттік сайлаулар алдында түрлі тақырыптарда пікір-сайыстар ұйымдастырып тұрады. Бұл дәстүр біздің ел үшін де бөтен емес. Мәжіліс сайлауларының алдында Қазақстанда бірнеше рет теледебаттар ұйымдастырылғанын айта кету керек. Ең алғашқысы 2007 жылғы парламент сайлауының қарсаңында «Хабар» арнасынан көрсетілген еді. Бұл дәстүр 2012 жылғы Мәжіліс сайлауында да жалғасын тапты. Енді міне араға төрт жыл салып тағы да ұйымдастырылып отыр. Мұны демократиялық қағидаттардың орындалуының үлкен бір бөлшегі деуге болады.  Сайыс алаңында тек сайлауалды бағдарламаларын жарнамалау ғана емес, белгілі тақырыпқа байланысты қойылған мәселенің оң шешілуіне қай партия қандай ұсыныс айта алатыны өте маңызды. Сондай-ақ, бір-біріне қойған сұрақтарға табан асытында тұщымды жауап беру де экономикалық һәм әлеуметтік-саяси сауаттылықты қажет ететіні сөзсіз.

Алғашқы раундтағы «Әлемдік экономиканың нақтылығы: проблемалары мен перспективалары»  тақырыбы бойынша саяси партия өкілдері еліміздің қаржы дағдарысынан шығу жолдарын өз бағдарламалары негізінде қорғап шықты. Әрбір партия өкіліне регламент бойынша 2 минут уақыт қана берілді. Осы 2 минутта ойларын жеткізіп, түйіндеп те үлгеріп отырды. Келесі  раундтағы «Қазіргі жағдайдағы инфрақұрылым, көлік, логистика» тақырыбы бойынша да партия өкілдері ұтымды пікірлерін ортаға салды. Осыдан кейін әр партия өкілі қалаған партия қатысушысына сұрақ жолдай алатын мүмкіндік алды. Бір-бірінің сайлауалды бағдарламаларымен танысып алған олар, соны негізге алып сұрақтар қойды. Жауапқа бір минут қана уақыт берілгенмен саясаткерлер тұщымды жауаптар беріп үлгерді. Соңында сайлаушыларына телеарна арқылы үндеу жолдады. 

 Жалпы біз сияқты етек жеңін жинап, Егемен ел болғанына 25 жыл ғана толған мемлекет үшін Парламент Мәжілісінде саяси партиялар қатарының артуы Парламенттің қоғамдағы рөлінің күшейіп келе жатқанын аңғартады. Сонымен қатар, Парламент заң шығарушылықпен ғана емес, кадрлық саясатқа да араласа алады. Бұл да Парламенттің пәрменділігін және құзіретінің басымдылығын көрсетеді. ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Қасымжомарт Тоқаев «Российская газетаға» берген сұхбатында «Парламенттің рөлін күшейту процесі кеше басталған іс емес. Бүгінде Парламент заң шығарушы қызметтен басқа, елдегі кадрлық саясатқа тікелей араласады. Президент премьер-министрді, Ұлттық банк төрағасын, бас прокурор мен ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасын Парламенттің келісім беруімен тағайындайды, Жоғарғы сот төрағасы мен судьялары, басқа да лауазымды тұлғалар депутаттардың келісімімен сайланып, қызметтерінен босатылады. Менің ойымша, Қазақстанда Парламенттің рөлі арта береді. Мұндай сенімділікке президент Нұрсұлтан Назарбаевтың стратегиясы да себеп болып отыр. Біз Қазақстанда саяси реформалар есеппен, орта таптың қалыптасуы мен азаматтық қоғамның даму деңгейіне қарай жүргізіліп келеді деп санаймыз. Біз мемлекеттің эволюциялық дамуын жақтаймыз. Сондықтан, Қазақстан болашақта күшті Парламентпен бірге транспарентті және есепті үкімет әрекет ететін парламенттік-президенттік басқару жүйесіне көшетінін жоққа шығармаймын. Бірақ, бұл менің жеке болжамым. Ақырғы сөзді президент пен қоғам айтады», - деп атап өткен.

  Яғни, Қазақстан қоғамында Парламенттің рөлі артып келе жатыр деген сөз. Алдағы аламанда саяси партиялардан сайланатын депуттарға да артылатын жүк жеңіл болмайтыны анық. Мемлекет басшысы айқындап берген мемлекеттік бағдарламалардың орындалуын қадағалап, тиісті заң жобаларын бекітулері керек. Бір сөзбен айтқанда, қаржы дағдарысынан дағдармай шығу жолында Парламент Мәжілісінің депутаттарына аянбай тер төгуге тура келеді. Елдің бірлігі мен қоғамның тұтастығын қамтамасыз етуде де депутаттардың алатын орыны ерекше болмақ. Әлемдегі саяси һәм экономикалық жағдайларды салмақтай отырып, Қазақ елінің мүддесін ту ететен халық қалаулыларына сәттілік тілейміз! 

Қанат Тұрар

 




Яндекс.Метрика