Денсаулық сақтау саласындағы негізгі басымдықтар

2013 жылы қазақстандық медициналық емханалар қызметтер үшін төлем жасаудың жаңа жүйесіне ауысады

Медициналық көмекті жетілдіру мақсатында ағымдағы жылдың басынан бастап Қазақстанның медициналық емханаларында ем-домдардың қолданыстағы тарифтерін халықаралық тарифтерге сәйкестендіруге бағытталған жаңа төлем жүйесі енгізіледі, деп хабарлады денсаулық сақтау вице-министрі Ерік Байжүнісов Орталық коммуникациялар қызметі ресми өкілінің брифингінде.
Казахстан21 Қаңтар , 00:00


«Ағымдағы жылы біз төлем жасаудың жаңа тетігіне ауысамыз. Біз шетелдік емханаларда емделудің құнына тең болатын жаңа тарифті негізге аламыз және отандық емханаларға сондай операциялар үшін аталған тарифтер бойынша төлем жасаймыз. Біздің отандық дәрігерлерімізді тұрғындарға жоғары білікті көмек көрсетуге ынталандыру үшін осындай шара қабылдануда», - деді Е.Байжүнісов мырза.
Вице-министрдің айтуынша, бүгінгі таңда жоғары технологиялық қызметтер көрсетуге отандық емханалардың әлеуеттері жеткілікті.
Бекітілген тізбеге сәйкес 2012 жылы шетелде емделуі тиіс 99 науқас отандық емханаларда емделді. Атап айтқанда, отандық емханаларда бүйрек ауыстыру жөніндегі 50 операция, жүрек ауыстырып салу бойынша - 1 операция, үлкендердің жілік майын трансплантациялау бойынша 22 операция, балаларға да осындай 8 операция жасалды.
Е.Байжүнісовтың атап көрсетуінше, егер бұрын кардиохирургиялық операцияларға мұқтаж науқастар шетелге көп жіберілсе, бүгінгі таңда елімізде ашық жүрекке 1,5 мыңнан астам операция жасалды, оның ішінде 87 ота - бірегей операциялардың қатарына жатады.
Шенеуніктің айтуынша, шетелдерде емделуге мұқтаждардың кезегін азайту мақсатында Ұлттық медициналық орталық сияқты жұмыс органы құрылды және бұл орталық шетелдік медициналық мекемелермен телемедициналық консультациялар өткізуде.
Денсаулық сақтау министрлігінің ақпаратына сүйенсек, бүгінге  бұл кезекте 161 науқас тұр, олардың 86% пайызы ағза трансплантациялау операцияларына мұқтаж.
 




Яндекс.Метрика