Ұлтаралық бірлік

Капар-Тур Нурусбек: Қазақ халқына алғысымызды білдіретін монумент ашамыз

Астана қаласы 01 Наурыз, 17:23

Бүгін 1-ші наурыз қазақ халқына алғыс айту күнін атап өтіп жатырмыз. Бұл өте орынды. Кейінгі ұрпақтарымыздың да санасына осы мерекенің маңыздылығын сіңіруіміз керек. Бұл туралы Оңтүстік Қазақстан облысындағы Иран Этномәдени орталығының төрағасы Капар-Тур Нурусбек strategy2050.kz ақпарат агенттігіне берген сұхбатында айтты. 

«Қазақстанда 6 мыңға жуық иран халқы бар. Оның 5 мыңы Оңтүстік Қазақстан облысында өмір сүріп жатыр. Сондықтан, Қазақстан бойынша бір ғана Иран этномәдени орталығы бар, ол осы Оңтүстік Қазақстанда. Бүгін 1-ші наурыз қазақ халқына алғыс айту күні деп жатырмыз. Бұл өте орынды. Кейінгі ұрпақтарымыздың да санасына осы мерекенің маңыздылығын сіңіруіміз керек. Олардың ата-бабалары алғаш Қазақстанға келгенде жергілікті қазақ жұрты қайлай күтіп алды, қандай қамқорлықтар көрсетті, соның бәрін біздің балалар білулері керек. Сол себепті, осылайша жылына бір рет алғыс айту мерекесін атап өту өте орынды деп есептеймін. Мұның маңызы өте зор. Елімізде тұрып жатқан халықтарды бір-біріне жақындатуға, бауырмал болуға шақыратын шара», -  деді ол.

Оның айтуынша, өткен ғасырдың 20-шы жылдары Қазақстанға иран халқының ағашқы легі сауда жасап жүріп қалып қалған. Одан кейін, екінші легі келсе, үшінші лег 1946-шы жылы соғыстан кейін саяси мигрант ретінде келген. Осының бәрін біздің әкелеріміз, аталарымыз айтып отыратын. Қазір біз балаларымызға айтып отырамыз. Кейбіреулер маған қазақша қалай таза сөйлейсің деп, таң қалады.

«ОҚО Бәйдібек ауданында туғанмын. Мектепте оқып жүргенде бір класта 40 бала болса, соның жартысы қазақ, қалғаны орыс, татар, неміс тағы басқа да ұлттың балалары болды. Сол кезде бәріміз қазақшы сөйлейтінбіз. Сонымен қатар, сол сыныптағы барлық ұлттың мерекелерін, салт-дәстүрлерін біліп өстік. Соның барлығы қазақ халқының кеңдігі, қазақ халқының бірлігі мен берекесінің арқасы ғой деп ойлаймын. Біз Оңтүстік Қазақстан облысындағы барлық этнос өкілдері бірігіп монумент ашпақпыз. Монумент қазақ халқына біздің алғысымызды білдіретін болады. Ең бастысы еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, мереке құтты болсын!»,- деді  Иран Этномәдени орталығының төрағасы Капар-Тур Нурусбек.

Қанат Тұрар





Яндекс.Метрика