Ұлтаралық бірлік

Жамбыл облысында Алғыс айту күні театрландырылған қойылым арқылы атап өтілді (ФОТО)

Қазақстандағы жаңа мерекенің құрметіне Тараз қаласының орталық «Достық» алаңында «1 наурыз – Алғыс айту күніне» орай облыс әкімі Кәрім Көкрекбаевтың қатысуымен бірқатар іс-шаралар өткізілді, деп хабарлады Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі.
Жамбыл 01 Наурыз, 18:02

Іс-шара «Мен алғыс айтамын!» жастар флеш-мобымен басталып, «Тәуелсіз еліме рахмет» деген ұранмен аспанға шарлар ұшырылды.

Театрландырылған көрініс барысында Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері қазақ жеріне қалай қоныс тепкендерін, оларды қазақ елінің қалай қонақжай қарсы алғанын, бүгінде Қазақстан олардың Отаны болып кеткенін айтып, алғыстарын білдірді.   

Соның бірі неміс диаспорасының өкілі  Альбина Веймер өз сөзінде қазақ жұртының қонақжайлылығына, жомарттығына, мейірімділігі мен бауырмалдығына шексіз алғысын білдірді. «Рахмет менің қазақтарыма, біз бұл жерде екінші үйімізді таптық, Қазақстан - біздің екінші Отанымыз! – деп ыстық ықыласын білдірді.

Сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар қай кезде, кімнің өздеріне қолұшын созғанын айтып, өздерін оптимист болуға шақырып, өмірдің мәнін түсінуге көмектескендер туралы ойларымен бөлісті.

Қала тұрғындары өз алғыстарын арнайы дайындалған «Алғыс кітабына» жазды. Алаңда орнатылған үлкен Алғыс ағашына адамдар қағазға өз алғыстарын жазып, қалдырды.

«Ата-анам – алтын тұғырым», «Әкем мен анама мың алғыс» көрме-байқауы, «Отбасы – қоғам тірегі» қойылымы  ұйымдастырылды.

«Алғыс айту күніне» арналған іс-шараның қатысушылары – мүмкіндігі шектеулі жандар, көпбалалы отбасылар, еңбек ардагерлері, үкіметтік емес ұйымдар өкілдері, жоғары және орта арнаулы оқу орындарының білімгерлері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері.

Аталған мереке Қазақстанда алғаш рет тойлануда. 1995 жылдың  1 наурызында ҚХА құрылған болатын. 2015 жылы ҚХА 20 жылдығын атап өту қарсаңында Елбасы осы күнді «Алғыс айту күні» деп жариялауды ұсынды.

Бүгін барлық этнос өкілдері қазақтарға және бір-біріне жер аудару жылдарындағы төзімділік пен қонақжайлылық үшін алғыстарын білдіре алады.





Яндекс.Метрика