Үкімет

Б.Сұлтанов: Қазақстанда 362 млрд теңге жария етілді

Бүгін Үкімет Үйінде ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен ҚР Үкіметінің селекторлық режимдегі кезекті отырысы өтті. ҚР Қаржы министрі Бақыт Сұлтанов мүлікті жария ету бойынша науқанның барысы жайында баяндады, деп хабарлады Премьер-Министрдің ресми сайты.
Астана қаласы01 Наурыз , 12:14

Сонымен, оның мәліметінше, қазіргі уақытта жария етуге мәлімделген мүлік сомасы еліміз бойынша 1 трлн. теңгеге жетті, оның 787 млрд. теңгесі жария етілген, оның ішінде ҚР аумағындағы мүлік - 500 млрд. теңгеге жуық, шетелдегі мүлік – 1 млрд. теңге, ақшалай қаражат - 287 млрд. теңге.

«Егер өткен жылдың 1 желтоқсанынан бастап күшіне енген (жария ету туралы) Заңның жаңа ережелеріне дейін барлығы 425 млрд. теңге жария етілсе, соңғы үш айда қосымша 362 млрд. теңге жария етілген», - деп баса айтты Қаржы министрлігінің басшысы.

Оған қоса, азаматтарға Заңның бұрынғы ережелері бойынша ақшаны жария етуге төленген 3 млрд. теңгенің 2,5 млрд. теңгеге жуығы қайтарылды. Науқан кезінде өз мүлкін жария етуге құзіретті органдарға барлығы 78 мыңға жуық адам жүгінді.

«Яғни, түзетулер науқан барысына жаңа серпін бергенін көріп отырмыз. Бұл халық тарапынан зор қызығушылықты білдіреді», - деп толықтырды өз сөзін Б.Сұлтанов.

Өз кезегінде, ҚР Ұлттық банкінің төрағасы Данияр Ақышев Ұлттық банк және ЕДБ сайттарында түсінікті және қолжетімді ақпаратты жариялау арқылы ақпараттық қамту және жүргізіліп жатқан жария етуді сүйемелдеу бойынша жұмыс күшейтілгенін атап өтті.

«Өңірлер деңгейінде Ұлттық банктің филиалдары белсенді тартылған, олардың өкілдері ЕДБ-дің басты кеңселерінде және филиалдарында жария ету шарттары туралы ақпараттық материалдардың бар-жоқтығын тексереді, банктің жауапты қызметкерлерінің жүргізіліп жатқан науқан жайлы хабардарлығы дәрежесін анықтайды, азаматтардың ескертулерін жазып алады, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Банктердің жұмысындағы жария ету мәселелеріне қатысты барлық анықталған кемшіліктер жайлы банк басшылары ақпараттандырылып, оларды жою бойынша нақты шаралар қолданылады», - деді Д.Ақышев.

Талқылау қорытындысы бойынша Кәрім Мәсімов сәйкес мемлекеттік органдарға аталған жұмысты жалғастыруды тапсырды.

 




Яндекс.Метрика