Ұлт жоспары 100 нақты қадам

А.Баталов Алматы облысының Қоғамдық кеңесі алдында есеп берді

Талдықорған қаласындағы Тіл сарайында Қоғамдық кеңестің отырысы өтті. Отырыстың күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша облыс әкімі А. Баталов есеп берді, деп хабарлады облыстың баспасөз қызметі.
Алматы 01 Наурыз, 10:18

Есеп беру барысында облыс басшысы 2015 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және 2016 жылдың жоспарлары туралы хабарлады.

Өз баяндамасында өңір басшысы А. Баталов облыстағы өндіріс, ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, сол сияқты әлеуметтік салалаларға кеңінен тоқталды. Оның айтуынша, биылғы жылы мемлекет қолдауының арқасында тағы 28 мектептің құрылысы басталмақ, оның біразы осы жылы бітсе, бір бөлігі 2017 жылға дейін созылмақ. Сөйтіп апатты және үш ауысымды мектептер мәселесі аз уақыттың ішінде шешімін таппақ. Сонымен қатар облыста аудандарды газдандыру, инвестиция тарту, өнеркәсіп алаңдарын дамыту, мемлекеттік-жекеменшік серіктестік негізінде балабақшалар салу, республикалық және жергілікті жолдарды жөндеу және басқа да бірқатар негізгі бағыттарда жұмыстар жалғасатын болады.

Баяндама аяқталған соң Қоғамдық кеңес мүшелері тарапынан бірқатар сұрақтар қойылып, сауалдардың бәріне облыс әкімі толыққанды жауап берді.

Мұнан соң Алматы облыстық мәслихатының атқарған жұмысы туралы мәслихат хатшысы Ермек Келемсейіт қосымша баяндама жасады.

Алматы облысының Қоғамдық кеңесі төрағасы Әлихан Тойбаев сайланған уақыттан бері атқарылған жұмыс нәтижелеріне тоқталды. Оның айтуынша, бүгінгі күні азаматтарды қабылдауға қажетті арнайы кабинеттер жабдықталған. Сонымен қатар Кеңес қызметі туралы ереже дайындалу үстінде. Бұл орайда оның жұмысы туралы барлық ақпарат облыстық мәслихат сайтының арнайы бөлімінде орналастырылатын болады.

Жиынды қорытындылай келе, Қоғамдық кеңес мүшелері облыс әкімі А. Баталовтың есебін оң бағалады. Және облыстық мәслихаттың хатшысы Е. Келемсейіттің баяндамасын назарға алу туралы қорытындыға келді.

Өз кезегінде өңір басшысы А. Баталов:

«Қоғамдық кеңестер Мемлекет басшысының «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын орындау мақсатында құрылуда. Біздің басты мақсатымыз – Президент алдымызға қойған міндеттерді жүзеге асыруға бағыттап, бірлесе жұмыс істеу. Алматы облысының Қоғамдық кеңесі өңірдің дамуына, халықтың әл-ауқатын жақсартуға маңызды үлес қосады деп сенемін», - деді.

Қоғамдық кеңестер «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының 99 қадамы шеңберінде еліміздің барлық аймақтарында құрылғаны белгілі. Сол қатарда Алматы облысының Қоғамдық кеңесі 2016 жылдың 17 ақпанында құрылып, құрамына 25 адам енгізілді. Оның ішінде 18-і - коммерциялық емес ұйымдардың, 7 адам - мемлекеттік органдардың өкілдері. Құрам облыстық мәслихаттың кезектен тыс LVI сессиясында бекітілді.  

 

 

 





Дерекнама

Яндекс.Метрика