Парламент

Сенат республикалық бюджетке өзгерістерді қарайды

Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен өткен Сенат Бюросының отырысында жоғарғы Палатаның 2016 жылғы 3 наурызда болатын кезекті отырысының күн тәртібі келісілді.
Астана қаласы29 Ақпан , 16:53

Сенат талқысына «Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2016 – 2018 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгеріс енгізу туралы» және «2016-2018 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», сондай-ақ «Халықты жұмыспен қамту туралы» заң жобалары шығарылады.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экологиялық мәселелер бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықты жұмыспен қамту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдар жобалары бірінші оқылымда қаралады.

Күн тәртібіне төрт халықаралық құжат: Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Словак Республикасының Үкіметі арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісімді; Шанхай ынтымақтастық ұйымына мүше мемлекеттердің шекара мәселелері бойынша ынтымақтастығы мен өзара іс-қимылы туралы келісімді; Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенцияға Мұнаймен ластануға әкелетін тосын оқиғалар жағдайындағы өңірлік әзірлік, ден қою және ынтымақтастық туралы хаттаманы; Құрылықтық қайраңда орналасқан стационарлық платформалар қауіпсіздігіне қарсы бағытталған заңсыз іс-әрекеттермен күрес туралы хаттамаға 2005 жылғы хаттаманы ратификациялау туралы мәселелер енгізілді.

Одан басқа, Бюрода Экономикалық саясат, инновациялық даму және кәсіпкерлік комитеті «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Австрия Республикасының Үкіметі арасындағы жүктердің халықаралық автомобиль тасымалдары туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы бойынша бас комитет болып белгіленді.
 




Яндекс.Метрика