Білім беру

Қарақия ауданында мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған орталық ашылды

Қарақия ауданының Құрық ауылында дамуында ақауы бар балаларды психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті өз жұмысын бастады, деп хабарлады Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Маңғыстау29 Ақпан , 16:21

Орталық мемлекеттік қолдаудың аясында ерекше мұқтаждықты қажет ететін адамдар үшін мүмкіншілікті кеңейту мақсатында ашылды. Бүгінгі күнге дейін Құрық ауылында тұратын балалар психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес кезінде қысқа уақытқа келген топтар арқылы түзету көмектерін алып жүрді. Қазіргі уақытта ауылда 34 мүмкіндігі шектеулі бала бар.

«Арнайы кабинеттің ашылуы тек түзету көмектерін ғана емес, сонымен бірге балалардың шығармашылығын арттыруға, «ерекше» қасиеттерін дамытуға мол мүмкіндік береді. Орталыққа 0-ден 7 жасқа дейінгі балалар қабылданады. Бұл Маңғыстау облысы бойынша Монтессори материалдарымен жабдықталған ең жақсы кабинеттердің бірі. Қазіргі уақытта орталықта 11 маман жұмыс жасайды. Сондай-ақ осы жылы облыс әкімінің грантын жеңіп алған студенттер оқуларын тәмамдайды. Оларды жұмыспен қамтуды жоспарлап отырмыз, әрі өздері де келісіп отыр», - деді дамуында ақауы бар балаларға арналған психологиялық-педагогикалық түзету кабинетінің психологы Раушан Әбішева.

Құны 12 миллион теңге тұратын жобаны жүзеге асыруға Маңғыстау облысының әкімдігімен бірлескен «Дара» қайырылымдылық қоры қолдау көрсетіп, «ЕРСАЙ Каспиан Контрактор» ЖШС қаржылай көмек көрсетті. Орталық ерекше балаларға арнап түзету жұмыстарын жүргізетін мамандардың білікті, әрі кешенді көмектерін ақысыз ұсынады. Сонымен, педагог-психолог эмоционалды және интеллектуалды дамуындағы мәселелерді, дефектолог танымдық саласындағы мәселелерді шешуге көмектеседі. Көру және сөйлеу қабілетіндегі мәселелермен тифлопедагог және логопед мұғалімдері жұмыстанатын болады. Емдік дене тәрбиесі нұсқаушысы, ән-ырғақ сабағының мұғалімі және емдік уқалау медбикесі балалардың тірек-қимыл аппараты мәселелерін шешуге көмектеседі.

« Менің бес жастағы ұлым Бақытжан туғанынан гемофилия ауруымен ауырады. Сырқатына байланысты балабақшаға баралмайды, қозғалатын ойындарды ойнай алмайды. Ауданымызда осындай орталықтың ашылғанына өте қуаныштымын. Енді менің де балам басқа балалармен араласып, бірінші сыныпқа дейін осы жерде өзін дамытатын болады. Мүмкіндігі шектелмей, басқа балалармен бірге оқып, әлеуметтік бейімделуден өтеді», - деді Құрық ауылының тұрғыны Гүлмира Сариева.

Орталықта кедергісіз орта қарастырылған. Балалардың қозғалуына қолайлы болу үшін пандустар, кеңейтілген есік орындары салынып, табалдырық пен тұтқалар алынып тасталды. Мамандарға арналған кабинеттер заманауи сауықтыру жабдықтарымен, Монтессори материалдарымен қамтылған. Орталық мүмкіндігі шектеулі балалар үшін жалпы орта білім беретін ұйымдарға түсуге тең бастапқы мүмкіндік береді. Сонымен қатар, мүгедек балалары бар отбасылар үшін де психологиялық-педагогикалық қолдау көрсетілетін болады.




Дерекнама

Яндекс.Метрика