Халықаралық интеграция

Қазақстан мен Мысыр дәрі-дәрмек шығаратын бірлескен кәсіпорын ашпақ

Қазақстан Мысыр еліне дәрі-дәрмек шығаратын бірлескен кәсіпорын ашуды ұсынды. Бұл туралы бүгін Ақордада Мысыр президенті Абдель Фаттах ас-Сисимен өткен келіссөздерден кейін БАҚ-қа жасаған бірлескен мәлімдемеде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев айтты.
Астана қаласы26 Ақпан , 19:10

«Мысыр астықты ең көп сатып алатын мемлекет, біз ең көп экспорттайтын елміз. Қазақстан астық экспорты бойынша әлемдік көшбасшылардың бірі. 2006-2010 жылдары Қазақстан Мысырға бір миллион тоннадан астық жіберіп отырған. Осы бағытты одан әрі өркендетеміз», - дейді Президент.

Бұдан бөлек, Қазақстан мен Мысыр фармацевтика саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуді көздеп отыр.

«Мысырда фармацевтика саласы өте жақсы дамыған. Біз өзара іс-қимылды осы салада дамытуға мүдделіміз. Елімізде қазірдің өзінде Мысырдың қырыққа жуық дәрі-дәрмегі, 30 шақты медициналық ұйымы тіркелген. Біз Мысыр тарапына елімізде бірлескен дәрі-дәрмек шығаратын кәсіпорын ашуды ұсынып отырмыз», - деді Елбасы.

Айта кетейік, Қазақстанға тұңғыш  ресми сапармен Мысыр президенті Абдель Фаттах ас-Сиси келді. Ақордада мемлекет басшылары өзара ынтымақтастықты дамыту бағыттарын талқылап, нәтижесінде бірқатар құжатқа қол қойылды.




Яндекс.Метрика