Халықаралық интеграция

Қазақстан мен Мысыр көлік-транзит саласындағы әлеуетті бірлесіп пайдалануға дайын

Қазақстан Мысырдың Еуразиялық экономикалық одақпен еркін сауда аймағын құру талпынысын қолдайды. Бұл туралы бүгін Ақордада Мысыр президенті Абдель Фаттах ас-Сисимен өткен келіссөздерден кейін БАҚ-қа жасаған бірлескен мәлімдемеде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев айтты.
Астана қаласы26 Ақпан , 18:57

«Бүгін біз ас-Сиси мырзамен мазмұнды келіссөздер өткіздік. Екі ел ынтымақтастығының өзекті мәселелері кеңінен талқыланды. Бірқатар көкейкесті халықаралық мәселелер жөнінде пікір алмастық. Қазақстан мен Мысырдың халықаралық ұйымдар арасындағы ықпалдастығын нығайтуға келістік. Талқыланған барлық мәселе бойынша өзара түсіністікке қол жеткіздік. Осының бәрі біздің көзқарасымыз бен ұстанымдарымыздың ұқсастығын көрсетеді», - деді Н.Назарбаев.

Мемлекет басшысы келіссөздер барысында екі жақты іс-қимылдың бірқатар бағыттары айқындалғанын атап өтті.

«Елдеріміздің көлік-транзит саласындағы әлеуетін бірлесіп пайдалану және дамыту мәселесін қарадық. Каирдің Еуразиялық экономикалық одақпен еркін сауда аймағын құру талпынысын біз қолдаймыз. Қытайдың «Жібек жолы» экономикалық белдеуінде Қазақстан мен Мысырдың маңызы зор. Екі елдің әлеуеті осы бағытта тиімді жұмыс істеуге жаңа мүмкіндік туғызады», - деді Президент.

Айта кетейік, Қазақстанға тұңғыш рет ресми сапармен Мысыр президенті Абдель Фаттах ас-Сиси келді.




Дерекнама

Яндекс.Метрика