Мәдениетті жаңғырту

Жамбыл облысында «Тыңда, дала, Жамбылды!» республикалық жыршы-термешілер байқауы өтті (ФОТО)

Жамбыл облысында Жамбыл Жабаевтың 170 жылдығына арналған «Тыңда, дала, Жамбылды!» атты республикалық жыршы-термешілер байқауы өтті. Іс-шара қазақ халқының ұлы перзенті — ақын, айтыскер, сазгер, жыр алыбының өмірі мен шығармашылығына арналған.
Жамбыл 26 Ақпан, 20:27

Мүшайраға еліміздің түкпір түкпірінен 17-жастан жоғары 34  жыр, терме орындаушылары қатысты.

Орталық концерттік залдың сахнасында Жетісулық авторлардың терме, дастан, толғауларынан үзінділер шырқалады. Олардың арасында Жамбыл Жабаевтың жырларынан үзінділер,  Сауытбек, Сүйінбай, Үмбетәлі, Кенен Әзірбаев, Аяз Бетбаевтың шығармалары бар.

Іс-шараға  Жамбылдың ұрпақтары, шөбересі Бекжан Махметов және Мұратхан  Жамбылов арнайы қатысты.

Жыр алыбының шығармаларын орындаған байқау қатысушыларының талантын  белгілі мәдениет және өнер қайраткерлері, дәстүрлі әншілер Дүйсенбек Өмірәлиев, Қапаш Құлыш, Әбдімомын Желдібаев, Аяз Бетбаев, Елікбай Иса бағалады.

Сынға түскендердің ішінен оқ бойы озық шыққан алматылық  Рахымбай Данияр бас жүлдені иеленсе, бірінші орынды  Тоқтағанова Мақпал мен Жамбылдық Сұлужан Әбенова қанжығасына байлады.

Екінші, үшінші орындарды Астана, Алматы, Қызылорда, Шығыс Қазақстан облыстарының қатысушылары өзара бөлісті.

Республикалық өнер жарысының жеңімпаздарына дипломдар, ақшалай жүлделер табысталды.

Іс-шараның мақсаты ұлттық өнерімізді сақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізу. Еліміздегі жыршылық, термешілік дәстүрді жалғастыру, халық шығармашылықты қолдау, елін сүйген ақынның шығармашылығын өскелең ұрпаққа үлгі ету.

Жамбыл - қазақ халық поэзиясының әйгілі тұлғасы, өлең сөздің дүлдүлі, жырау, жыршысы. Оның сөздері ұранға айналып, өзі халық поэзиясының атасы аталды. Ол ел өміріндегі жеңіс пен ерлік істерді ерекше шабытпен жырлаған.





Яндекс.Метрика