Мәдениетті жаңғырту

ҚР Ұлттық музейінде Ж.Жабаевқа арналған әдеби кеш өтті (ФОТО)

Бүгін Қазақстан Республикасының Ұлттық музейінде өлең сөздің дүлділі, жырау Жамбыл Жабаевтың 170 жылдығына арналған «Әлем ақыны» атты әдеби кеші өтті, деп музейден хабарлайды.
Астана қаласы 25 Ақпан, 20:43

Ұлттық музей директорының орынбасары Абай Сатыбалдин бүгінгі кештің мазмұнына тоқтала келе, Жамбыл Жабаев шығармашылығы жас ұрпақты тәрбиелеу ісінде жетекші құрал, сарқылмас қазына екенін айтты:

«Жамбыл атамыздың шығармашылығы Отанды сүюге, қорғауға, құрметтеуге шақырады. Уақыт өткен сайын қазақ халқының өмірінде бұл шығармалардың орны артпаса, кеміген емес. Бүгінгі жас ұрпақ қазақтың абызының отты жырларын жатқа біледі. Сол үшін де қуаныштымыз. Басты мақсат – осы үрдісті ары қарай жалғастырып әкету. Батырлықты, ерлікті, өз еліңе деген сүйіспеншілікті әспеттеу», - деді А. Сатыбалдин.

Астана қаласы №4 мектеп-гимназияның қабырғасында орналасқан музейдің жетекшісі Дариға Мұстафина дүлділ ақынның 170 жылдығына арналған шаралар ары қарай да жалғасын табатынын жеткізді:

«Еліміздің барлық аймағында Жамбыл Жабаевтың 170 жылдығы екерусіз қалып жатқан жоқ. Себебі Жамбыл – халық ақыны. Оның шығармаларынан қазақ халқының ұлттық құндылықтары, болмыс-бітімі тамаша көрініс тапқан. Сол құндылықтарымызды кеңінен насихаттау үшін мектеп оқушыларының арасында республикалық ақындар айтысын өткізгелі отырмыз», - деді Д. Мұстафина.

Әдеби кештің аясында Жамбыл Жабаев шығармаларын мәнерлеп оқу бойынша қалалық байқауға қатысқан Астана қаласы мектептерінің оқушылары жырдан шашу шашты. Сонымен қатар жыр алыбының атымен аталған Ресей қалаларындағы көшелер жайлы бейнесюжеттер ұсынылды.

 





Яндекс.Метрика