Инвестициялар

Қытай компаниясы ШҚО-да темір жол құрылысына инвестиция құюға мүдделі

Кездесу барысында «Сан Бао» корпорациясы мен «Теміржол құрылыс компаниясы» акционерлік қоғамының Шығыс Қазақстан облысы аумағында инвестициялық жобаларды іске асыруға қатысу жолдары талқыланды, деп хабарлады ШҚО әкімдігі.
Шығыс Қазақстан25 Ақпан , 17:26

 

 «Сан Бао» ЖШС корпорациясының президенті Кан Хэпин, «Теміржол құрылыс компаниясы» ААҚ бас директорының орынбасары  Фан Гуанхуй өз кәсіпорындарының қызметі жайлы ақпараттандырып, әртүрлі саладағы ортақ жобаларды іске асыруға дайын екендіктерін жеткізді.

Аймақ басшысы Даниал Ахметов өз кезегінде қытайлық компаниялар Семей қаласындағы  ТЭЦ-3 және Тұрғысын СЭС құрылыстары, сонымен қатар «Шар-Майқапшағай теміржол желісінің құрылысы мен қолданысқа енгізу» концессиялық жобасы сияқты жобалар құрылысына қатыса алатындықтарын айтты.

Кездесу соңында екі жақ теміржол желісінің құрылысы жобасын мұқият қарастыруға келісті. Жүк тасымалдау көлемін анықтау және сараптау мақсатында «Теміржол құрылыс компаниясы» ААҚ өз мамандарын Қазақстанға жиберетін болады.  

«Сан Бао» Шыңжаң сауда-өнеркәсіптік компаниясы экспорттық және импорттық сауда айналымымен, шетелде құрылыс нысандарын жүргізумен, өндіру мен қайта өңдеу, құрастыру және логистика салаларымен айналысады. Корпорация жанынан 20 кәсіпорын қызмет істейді. Сонымен қатар Қазақстан, Ресей, Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Ауғанстан сияқты мемлекеттерде еншілес фирмалары мен өкілдіктері бар. Корпорация 500 қытайлық үздік азаматтық кәсіпорын ішінде 69 орынға ие.

 




Яндекс.Метрика