Ұлттың денсаулығы

Е.Біртанов: Қазақстанда қоғамдық денсаулық сақтау қызметтері құрылады

Елімізде қоғамдық денсаулық сақтау қызметтері құрылады. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Елжан Біртанов айтты.
Астана қаласы25 Ақпан , 13:24

«15 қаңтарда Мемлекет басшысы 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасын бекітті. Бұл мемлекеттік бағдарламаның жеті негізгі бағыты бар: қоғамдық денсаулық сақтау жүйесін дамыту, алғашқы медициналық-санитарлық көмекті жаңғырту, медициналық қызмет сапасын қамтамасыз ету, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етудің ұлттық саясатын жүзеге асыру, денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру және әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізу, денсаулық сақтау саласындағы адами қорларды басқару, денсаулық сақтаудың инфрақұрылымын дамыту», - деді Е.Біртанов.

Оның атап өтуінше, елімізде қоғамдық денсаулық сақтау қызметтері құрылады.

«Қоғамдық денсаулық сақтау қызметтерін құру негізінде қоғамдық денсаулық сақтаудың жаңа жүйесін қалыптастыруға кірісіп отырмыз. Көптеген мемлекеттердің тәжірибесі бойынша бұл қызметтер қолданыстағы санитарлық-эпидемиологиялық қызметтер негізінде құрылады. Инфекциялық аурулардың алдын алу іс-шараларымен қатар, инфекциялық емес аурулардың алдын алуға басымдық берілетін болады. Бұл тамақтану тәртібі, өмір сүру, жүріп-тұру салтына байланысты дерттер, атап айтсақ, артериалдық гипертензия, өкпе, жүрек-қан тамыр жүйесі аурулары, қант диабеті, онкологиялық, яғни, инфекциялық қоздырғыштар жоқ аурулар», - деді вице-министр.

Бұл бағытта, оның айтуынша, қоғамдық ресурстар халықты ақпараттандыру жұмыстарын дамытуға жұмылдырылатын болады.

 

 




Яндекс.Метрика