Парламент

Сенатта экология мәселелері жөніндегі заң жобалары қаралды

Парламент Сенаты Аграрлық мәселелер, табиғатты пайдалану және ауылдық аумақтарды дамыту комитетінің кеңейтілген отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экологиялық мәселелер бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы қаралды, деп хабарлады Сенат.
Астана қаласы24 Ақпан , 14:47

Заң жобасының мақсаты ұлттық экологиялық заңнаманы ақпаратқа қол жеткізу туралы Орхусс конвенциясына сәйкес келтіру, қоршаған ортаға қатысты мәселелер бойынша шешім қабылдау үдерістеріне және сот төрелігіне қол жеткізуге жұртшылықты қатыстыру болып табылады. Одан басқа, еліміздің Экологиялық кодексіне қалдық газдарды шығаруға квота белгілеу, беру және өзгерту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.

Заң жобасы Экологиялық ақпараттың мемлекеттік қоры арқылы жұртшылықты хабардар ету жүйесін тәртіпке келтіруді көздейді. Қоршаған ортаның жағдайы және табиғи ресурстарды пайдалану туралы жыл сайынғы Ұлттық баяндама әзірлеу көзделіп отыр. Зиянды қалдықтарды шығару және көшірудің мемлекеттік тізімдемесі экологиялық ақпараттың маңызды көздерінің бірі болып табылады. Енгізілетін өзгерістер мен толықтырулар да қалдық газдарды шығаруға квоталаудың тиімді жүйесін енгізу және квоталардың ішкі саудасын енгізуге бағытталған.

Отырыста «Құрылықтық қайраңда орналасқан стационарлық платформалар қауіпсіздігіне қарсы бағытталған заңсыз іс-әрекеттермен күрес туралы хаттамаға 2005 жылғы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы қаралды. 2005 жылғы 14 қазанда Лондонда жасалғанХаттаманы ратификациялау халықаралық терроризмге қарсы күресте шет мемлекеттермен практикалық өзара іс-қимылының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. Құжат Қазақстанның құрылықтық қайраңында орналасқан теңіз кемелерінің және жасанды құрылыстардың қауіпсіздігіне құқықтық кепілдіктерді күшейтуге ықпал етеді. Одан басқа комитет отырысында «Каспий теңізінің теңіз ортасын қорғау жөніндегі негіздемелік конвенцияға Мұнаймен ластануға әкелетін тосын оқиғалар жағдайындағы өңірлік әзірлік, ден қою және ынтымақтастық туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы да қаралды. Хаттамаға Әзербайжан, Иран, Қазақстан және Ресейдің уәкілетті өкілдері 2011 жылғы 12 тамызда Ақтау қаласында қол қойды. Хаттаманың мақсаты Каспий маңы елдерінің мұнайдың төгілуіне байланысты тосын оқиғаларға ден қоюға әзірлігін қамтамасыз ету жөніндегі жеке немесе бірлескен қажетті шараларды қабылдауы болып табылады. Хаттаманы ратификациялау Каспий теңізінің мұнаймен ластанған жағдайда өңірлік шаралардың іске асырылуын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

 

 




Дерекнама

Яндекс.Метрика