Парламент

ДСӘДМ: Жұмыссыздарға берілетін әлеуметтік төлем 6 айға дейін төленетін болады

Жұмыссыз қалған азаматтарға төленетін әлеуметтік төлем төрт айдан жарты жылға дейін ұзартылмақ. Бұл туралы бүгін Сенатта "Халықты жұмыспен қамту туралы" жаңа заң жобасы қаралған отырыста ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Біржан Нұрымбетов айтты.
Астана қаласы23 Ақпан , 12:58

"Бүгінгі күні жұмыстан айырылған азамат мемлекттік сақтандыру қорынан төрт айға дейін әлеуметтік төлем алады. Ендігі уақытта егер азаматтар жаппай жұмыстан босатылатын болса, яғни мекеме банкроттыққа ұшырап, жабылса, не болмаса штат қысқартылса, әлеуметтік төлем 4 ай емес, 6 айға дейін төленетін болады. Әрине, бұған қосымша жұмыс іздеп келген азаматтарға кәсіби бағдар мәселесі анықталған. Отбасының әрбір мүшесіне белгіленген кедейлік шегінен аз болса, олар атаулы әлеуметтік көмек алатын болады", - дейді Б.Нұрымбетов.

Бұдан бөлек, оның айтуынша, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы заң бойынша ресми түрде жұмыссыз ретінде тіркелген азаматтарға жарнаны мемлекет аударатын болады.

"Біз жұмыспен қамтудағы шараларды қолдану кезінде адамдарды қамту ауқымын кеңейтуді қарастырдық. Атап айтқанда, қолданыстағы заң бойынша нысаналы топқа 13 санаттағы азаматтар кіреді. Қолдаудың бәрі осы адамдарға көрсетілетін. Енді жаңа заң бойынша әрбір мемлекеттік қолдау шаралары бойынша адамдар санаты белгіленіп отыр. Мысалы, бүгінде кәсіби оқытуға не болмаса қоғамдық жұмыстарға тек қана жұмыссыз ретінде тіркелген азамат жіберілсе, жаңа заң бойынша енді жұмыс істеп жүрген, бірақ мәжбүрлі ақысыз демалысқа шығып кеткен адамдарды да тартуға болады", - деді вице-министр.

Сондай-ақ студенттер мен жоғары сынып оқушыларына жазғы демалыс кезінде қоғамдық жұмыстарға қатысуына да мүмкіндік берілмек. 




Дерекнама

Яндекс.Метрика