Қазақстан Республикасының 2015-2019 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы

Т.Исхахов: «Бал Текстиль» жобасының 3-ші кезеңі толықтай іске қосылғанда 700 жаңа жұмыс орны ашылады

Астана қаласы23 Ақпан , 10:49

Елбасының арнайы тапсырмасымен осыдан біршама уақыт бұрын Қазақстанда Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы мемлекеттік тұрғыда қолға алынғаны белгілі. Бүгінде бағдарлама аясында ел ішінде түрлі өндірістік кәсіпорындар ашылып, мыңдаған азаматтар тұрақты жұмысқа тартылып келеді. Сондай кәсіпорындардың бірі – Шымкент қаласындағы «Бал Текстиль» қазақ-түрік бірлескен кәсіпорны. Аталған өндіріс ошағы қазіргі кезде отандық өнім шығаруға қажетті шикізатпен өзін-өзі қамтып қана қоймай, ендігі жерде экспортқа да жөнелту жобасын қолға алған. Бал Текстиль ЖШС  директоры Талғат Исхахов мырзамен сұхбаттасып, кәсіпорынның бүгінгі әлеуеті мен тынысы жайында сұраған едік.

«Бал Текстиль» ЖШС-гі «Оңтүстік» АЭА-да орналасқан Қазақстандағы алғашқы кілем өнімдерін өндіру фабрикасы. Жоба 3 кезеңнен тұрады. 1-ші кезеңді «Бизнестің жол картасы » бағдарламасы аясында 2013 жылы толығымен аяқтадық. Жобалық қуаттылығы  жылына 2,3 млн. шаршы метр кілем өнімдерін өндіру. Аталған кезеңде фабрика 150 жұмыс орнын ашып 1.1 млрд. теңге инвестиция салды. Фабрика  Белгиялық Van De Wiele, Германияның M-Tec, Түркияның  Gurelmak, Тайвандык Emery маркалы  заманауи озық технологиялы құрал жабдықтармен жабдықталған. Жобаның 2 -ші кезеңін 2015 жылы тамыз айында аяқтадық. Жоба «Даму» мемлекеттік кәсіпкерлікті қолдау қорының «Өндіріс» бағдарламасы аясында жүзеге асырылды. Бүгінгі таңда фабриканың 5 млн. шаршы метр кілем өнімін және 4000 тонна полипропиленді кілем түгіне арналған жіп өндіруге мүмкіндігі бар. Салынған инвестиция көлемі 1.7 млрд  теңге. Қазіргі таңда фабрикада 230 адам жұмыс істейді. Жұмысшылар толықтай әлеуметтік пакетпен қамтамысыз етілген. Қаладан  жұмыс орнына, жұмыс орнынан қалаға тасымалдайтын автобустармен толықтай камтылған. Әрбір ауысым үшін бір мезгіл фабриканың есебінен тамақтандырылады»,-дейді Т.Исхахов.

Кәсіпорын директорының айтуынша, фабрикада өнімнің 20-дан астам брэнді қалыптасқан.

«Полипропилен жіп өндіру  цехы да әлемде алдыңғы қатарлы технологиялық құралдармен қамтамасыз етілген.  Мәселен, Белгиялық «Van De Wiele», Германияның «Neumag», «Volkmann» және Францияның  «Superba»  маркалы құрылғыларымен жабдықталған. Өндірілген өнімнің  70 пайызын ішкі нарыққа, 30 пайызын Ресей және Қырғызыстан нарығына шығарамыз. Қазіргі таңда кілем өнімдері 20-дан астам жоғары сападағы брэндпен Қазақстанға және шет елдерге шығарылуда. Фабриканың ерекшелігі қазақи үлгідегі, ұлттық нақыштағы кезген тапсырысты, ою өрнекке сәйкес кілем өнімдерін аз уақыттың ішінде шығарып бере алады. Сапасы еуропалық стандартқа сәйкес кілем өнімдері «Turan», «Алатау», «Барс», «Отырар», «Алаш», «Antiq», «Аntiq Imperial», «Vision» сияқты «BCF», «Heat Set» және «Frize» кілем өнімдерімен қоса «Silk», «Kashan» атауларымен жібек кілемдер де шығарамыз»,-дейді кәсіпорын басшысы.

Жобаның 3-ші кезеңі толықтай іске қосылғанда 700 жаңа жұмыс орыны ашылмақ.

«Жобаның 3-ші кезеңінде полипропилен жібін өндіретін және соңғы үлгідегі жаңа 12 кілем тоқыма станоктарын  орнату жоспарлануда. 3-ші кезең толық іске қосылғанда 15 млн. шаршы метр кілем шығару жоспарлануда. «Бал Текстиль» кілем тоқыма фабрикасы Қазақстанның нарығын толық қамти алатындығына сенімдімін. Жобаның 3-ші кезеңі толықтай іске асырылғанда 700 жұмыс орны ашылады.  Өндірілген өнімнің 60 пайызын ішкі нарыққа, 40 пайызын сыртқы нарыққа шығаруды жоспарлап отырмыз»,-деп атап өтті Талғат Жүнісбекұлы.

Айта кету керек, кәсіпорын 2014 жылы Республикалық «Алтын Сапа» тауар өндірушілер арасындағы конкурста «Халық Тұтынатын тауар» номнациясы бойынша 2-ші дәрежелі жүлденің жеңімпазы атанды. Сонымен қатар, 2015-ші жылдың қортындысы бойынша «Үздік тауар өндіруші» номинациясы бойынша облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталған болатын.

Қанат Тұрар




Дерекнама

Яндекс.Метрика