Қазақстан Республикасының 2015-2019 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы

Б.Төлендиев: Елбасының кәсіпкерлерді қолдау бағытында көтерген бастамалары – бізге деген қамқорлығы

Астана қаласы 23 Ақпан, 08:35

Оңтүстік Қазақстан облысы идустриалды-инновациялық бағдарламаларды қарқынды жүзеге асырып келе жатқан аймақ. Мемлекет басшысының тапсырмасымен құрылған Арнайы экономикалық аймақтарында түрлі салалар бойынша көптеген жобалар жүзеге асуда. Кейінгі уақыттары облыс орталығы Шымкент қаласынан бөлек, барлық аудандарда да Арнайы экономикалық аймақтар құрылды. Халқы жиі шоғырланған облыстың азаматтарын жұмыспен қамтамасыз ету жағына да ерекше назар аударылады. Солардың бірі «АРТ-Құрылыс» ЖШС-і. Аталмыш серіктестік  2005 жылы ашылған болатын. Оның негізгі өнімі құрылыс материалдарын шығару. «АРТ-Құрылыс» ЖШС-ң директоры Бекжігіт Төлендиев мырзамен сұхбаттасып, жалпы кәсіпорынның тынысы туралы сұраған едік.

«Біздің серіктестік құрылыс монтаж жұмыстарын жүргізумен, жүктерді жеткізумен және құрылыс бұйымдарын шығарумен айналысады. Құрылыс материалдарын шығаруды 2012 жылдан бастап қолға алған болатынбыз.  2012 жылы Елбасы тұсауын кескен темір бетон бұйымдарын шығаратын зауытта 45 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жылына 450 млн. теңгеге бағаланған 13 000 м3 темір бетон өнімдерінің 100-ден астам түрін шығарамыз. Шығарылған өнімнің 100 пайызы өз елімізде пайдаланылады. Тапсырыс түсіп жатса, Қазақстанның қай облысына болсын жеткізіп бере аламыз. Негізінен жалпы өнімнің 85 пайызы ОҚО да қолданылса, қалған 15 пайызын көршілес облыстар тұтынады. Осы орайда бір айта кетерлігі, қолданылатын материалдар 100 пайыз қазақстандық өнімнен жасалынады»,-дейді серіктестік директоры. 

Сонымен қатар, Бекжігіт Төлендиев құрылыс саласына байланысты мемлекеттік бағдарламаларға да қатысамыз, дейді.

«Біз «100 мектеп 100 аурухана» бағдарламасы арқылы ауруханалар мен мектептер салуға атсалыстық. Тек қана құрылыс материалдарын шығарумен ғана емес, қосымша құрылыс жүргізу жұмыстарын да жасаймыз. Әрқашан қосымша жұмыс орындарын ашуға тырысамыз. Жұмысшыларды қысқарту деген бізде мүлде болмайды. Елбасының жүктеген міндеттерінің бірі қосымша жұмыс орындарын құру болса, біз де сол бағытта аянып қалып жатқан жоқпыз. Қолдан келгенінше жұмыс тауып беруге талпынамыз. Бізге көбінесе кәсіби-техникалық колледждерде ағаш ұстасы, дәнекерлеуші, монтаждаушы сияқты мамандықтарды меңгерген жас мамандар қажет. Бүгінгі таңда колледждермен келісім-шарттарға отырып, меморандумдарға қол қойып, кәсіпорынға колледж түлектерін тартуға бел байлап отырмыз. Елбасы Н.Назарбаевтың 2017 жылдан бастап, техникалық-кәсіби мамандыққа жастарды тегін оқыту керек, деген бастамасы біз үшін де, жастарымыз үшін де өте тиімді болайын деп тұр. Елбасының кәсіпкерлерді қолдау бағытында көтерген бастамалары – бізге деген қамқорлығы деп білеміз»,-деп атап өтті Б.Төлендиев.   

Кәсіпорын басшысының айтуынша, қайрымдылық шараларына да тұрақты қатысып отыратын көрінеді. Мекеменің өз есебінен жолдар жөндеу, мешіт салу және көмеккке мұқтаж адамдарға тұрақты көмек көрсетеді екен.

Қанат Тұрар





Яндекс.Метрика