Халықаралық интеграция

Мемлекеттік хатшы Г.Әбдіқалықова Жапония елшісімен кездесті

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Жапонияның Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Масаёси Камохарамен оның дипломатиялық миссиясының аяқталуына орай кездесу өткізді, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Астана қаласы22 Ақпан , 11:48

Тараптар екіжақты сауда-экономикалық ынтымақтастықтың қазіргі даму қарқынына қанағаттанушылық білдірді.

Өткен 10 жыл ішінде біздің экономикамызға салынған жапон инвестициясының мөлшері 4,5 миллиард доллардан асты. 2015 жылы Қазақстан мен Жапония арасындағы тауар айналымы 1,4 миллиард доллар болды (экспорт – 858,6 миллион, импорт – 584,7 миллион доллар). 2014 жылы Қостанайда «Тойота» маркалы машина құрастыру зауыты іске қосылды. Қазақстанда 50-ге жуық бірлескен кәсіпорын тіркелген, 700 миллион доллардан асатын  бірлескен 6 жоба жүзеге асырылған. Құны 700 миллион теңге болатын тағы 10 жоба нақтылануда.

Мемлекеттік хатшы  Қазақстан мен Жапония ядролық қарусыздану және таратпау, сондай-ақ атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану ісі жөнінен жақын одақтас екенін атап өтті. 2015 жылғы ақпанда Қазақстан мен Жапония Венада Ядролық сынақтарды жаппай тоқтату туралы шарт ұйымының отырысында конференцияның 2015-2017 жылғы кезеңіндегі тең төрағалары болып сайланды.

Г.Әбдіқалықова  жоғары деңгейде, сонымен бірге іскер топтар арасында тығыз саяси  байланыстар және жиі делегациялар алмасып отыру өзара жан-жақты іс-қимыл үшін жаңа көкжиектер мен перспективаларға жол ашатынына сенім білдірді.

Мемлекеттік хатшы кездесу соңында М. Камохараға белсенді әрі жемісті қызметі, Қазақстан мен Жапония арасындағы достықты нығайтуға қосқан үлесі үшін ризашылығын білдіріп, игілік пен табыс тіледі.

 

 




Яндекс.Метрика