Қазақстан Республикасының 2015-2019 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы

А. Әуезханұлы: Елбасымыздың бизнеске қатысты жүргізіп жатқан саясаты бізге үлкен күш берді, үміт пен сенім ұялатты

Эксклюзив
Астана қаласы 19 Ақпан, 17:09

Оңтүстік Қазақстан облысында отандық өнімнің тасын өрге домалатуға атсалысып келе жатқан кәсіпорындар жетерлік. Бүгінгі экономикалық дағдарыс кезеңінде де дағдарып қалмай, істі доғарып қоймай ілгері жылжып келе жатқан кәсіпорындардың бірі, кілем шығаратын «Назар-Текстиль» ЖШС-нің директоры Аятулла Әуезханұлымен сұхбаттасқан болатынбыз.

-Құрметті Аятулла Әуезханұлы, 2014 жылы 25 желтоқсанда Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев «онлайн» режимінде тұсауын кескен кілем өндірісінің бүгінгі жай-күйі қалай?

Бүгінді таңда «Назар-Текстиль» кілем тоқыма фабрикасының жагдайы бір қалыпты. Жоспарымызға сәйкес өндірістік дамуымызды жалғастырып отырмыз. Алайда  еліміздің экономикасына үлес қосу үшін жасайтын алдағы тірліктеріміз өте көп.

-Өндірістің аяқтан тұруы, технологиялармен жабдықталу кезеңдерінде қандай сатыдан өттіңіздер?

Өндіріс ашу оңай шаруа емес. Себебі, бүгінгі экономикалық дағдарыс кезінде мұндай тәуекелдікке бару - мықты есеп, ұқыптылық, патриоттық батыл талап ететін қадам деп ойлаймын. Бірақ, Елбасымыздың бизнеске қатысты жүргізіп жатқан саясаты бізге үлкен күш берді, үміт пен сенімділік ұялатты. Өзім кілем саласы бизнесінде бірнеше жылдар болды айналысып жатқаныма. Осы күнге дейін кілемдерді шетелден әкеліп сатқан едік. Уақыт өте келе менде сұрақ туындады. «Басқа елдің қоржының толтырғанша, неге біз өз елімізде қазақстандық кілем өндірісін аша отырып, өз еліміздің қоржынын толтырмасқа» деген мәселе мазалады. Жанұямызбен ақылдаса отырып, осы ұсыныспен әкімшілікке шыққан едік. Әкімшілік біздің жобамызды қолдап, бірден «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында фабрикамызға арналған жер телімін бөліп берді. Іске білек сыбана кірісіп 2013 жылы фабрикамыздың құрылысын бастаған едік. Әкімшілік барлық рәсімдеу құжаттамасында барынша бізге көмектесті. Сонымен қатар,кілем шығару өндірістік желінің керекті құрал-жабдықтарға Бельгия, Түркия елдеріне тапсырыс берген болатынбыз. 2014 жылы қараша айында бірінші кілемімізді шығардық. Ал, желтоқсан айының 25-і күні Елбасымыздың тікелей қолдауымен «Назар-Текстиль» кілем тоқыма фабрикасы ресми түрде өз өндірісін бастады.

- Елбасымыз өз сөзінде «осындай керемет кілемнің Шымкенттен шығатынын ел біле ме екен,білмей ме екен?» деген еді. Бүгінде сіздердің өнімдеріңізге ел ішінде сұраныс қаншалықты?

Елбасымыздың сөзі әрине біздің ұлттық өнімімізге үлкен серпіліс берген. Себебі біздің өніміміз бүгінгі таңда «Шымкент кілемі» деген имиджіне ие болды. Сауда нүктелерінде, базардағы алушылардан және өзіміздің компаниямыздың сайтында «Шымкент кілемін» қай жерден сатып алсақ болады екен, деген сұрақ ретінде көптеген тапсырыс түсіп отыр. Жылдың басындан көптеген сұхбаттар беріп, «Түнгі студияда Нұрлан Қоянбаев» және «Айтуға оңай...» бағдарламаларына бас кейіпкер ретінде қатыса отырып, Қазақстанның кілем саласын дамыту мәселелерін қолға алып жүрміз. Отандық кілем өніміне мұндай қызығушылық білдіргені және насихаттағаны үшін барлық БАҚ өкілдеріне рахметімді айтқым келеді.

-Өндіріс қуаттылығы қандай? Жылына қанша шаршы метр кілем шығарасыздар? Толық қуаттылықпен жұмыс істеп жатыр, деп айта алаcыз ба?

Бүгінгі таңда фабрикамызда 4 бельгиялық тоқыма өндірістік жабдығы жұмыс істеп тұр. Алла қаласа, жылына 3.000.000 млн. астам шаршы метр өнім шығармақпыз. Бизнес-жоспарымыз бойынша 2017 жылы жалпы 12 тоқыма өндірістік жабдығы және иірілген жіп өңдіру зауытын іске қосумыз кажет. Сол кезде жылына 6.000.000 млн. астам шаршы метр өнім бере отырып жоспарланған толық өндіріс қуаттылығымызға жетеміз деп ойлаймын.

-Кілемнің қанша түрі шығады? Ұлттық нақышқа басымдық бересіздер ме?

Кілемның түрлері өте көп. Бірақ әзірге біз кілемдерді полипропиленнен шығарып отырмыз. Полипропилен кілемдердің басқа кілем түрлерімен салыстырғанда бірнеше артықшылықтары бар. Бұл түрдегі кілемдер оңайшылықпен тозбайды және уақыт өте келе түстерін жоғалтпайды, ылғалдыққа тұрақты, шаң-тозаңды қабылдатпайтын, антистатикалық  арнаулы сұйықтық құрамымен өңдеуден өткізіледі. Және де, ең маңыздысы – бағасы қол жетімді. Алайда, болашақта түйе және қой жүндерінен кілем шығарамыз деп жоспарлаудамыз. Кілемдерімізде әрине ұлттық нақышқа басымдық береміз. Себебі, Қазақстан кілем тоқыма фабрикасы шығарып жатқан түрлі кілемдермен қатар қазақы нақышта кілемдерді де шығару міндетті деп санаймын. 

-Қанша адамды жұмыспен қамтып отырсыздар?

Бүгінгі таңда фабрикамызда жүзден астам жұмысшыларымыз қызмет етуде. Экономикалық дағдарысқа қарамастан біз жұмысшыларымызды қысқартпай, керісінше қабылдап отырмыз. Жоспарымыз бойынша, келешекте фабрикамызда 350 адамға жұмыс береміз деген ниеттеміз. 

-Шет мемлекеттердің нарығына шығу жоспарларыңызда бар шығар. Өздеріңізді қалай танытып жатырсыздар?

Шет мемлекеттерге өзімізді таныту – басты мақсаттарымыздың бірі. Бүгінгі таңда бірнеше ТМД елдерінің ірі сауда үйлерімен келіссөздер жүргізілуде. Түрлі шетелдік көрмелерге қатыса отырып, өніміздің жоғары сапалы, ерекше, ұлттық нақыштағы кілемдеріміздің дизайнымен біз елімізді танытамыз. Бар екенімізді, мықты екенімізді, шығармашылыққа бай екенімізді, үлкен жетістіктерге жете алатынымызды бүкіл әлемге паш ете алатын дәрежеге жеткіміз келеді. Және де, осындай жетістіктерге жете отырып, Қазақстанның экономикасына үлкен үлес қосарымызға кәміл сенеміз.

Сұхбатыңызға рахмет! Өзімізде өндірілген өнімнің өрісі кеңейе берсін!

Қанат Тұрар





Яндекс.Метрика