Басқару

ҚР ОСК саяси партияларды үгіт жұмыстарын заң аясында жүзеге асыруға шақырды

Партиялық тізімдер бойынша сайланатын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттарын сайлауды әзірлеу мен өткізу жөніндегі негізгі іс-шаралардың күнтізбелік жоспарына сәйкес 2016 жылғы 19 ақпанда партиялық тізімдерді тіркеу мерзімі, сондай-ақ мәслихаттар депутаттығына кандидаттарды ұсыну аяқталады.
Астана қаласы19 Ақпан , 15:42

Ортсайлаукомда болған брифинг барысында ҚР ОСК Басшысы Қ. Тұрғанқұлов БАҚ өкілдерін сайлау науқанының аталған кезеңінің жалпы қорытындыларымен таныстырды.

“Орталық сайлау комиссиясы 234 кандидатты қамтитын алты саяси партияның тізімін тіркеді. Олардың ішінде 187 немесе 79,9 %-ы ер адам және 47 немесе 20,1 %-ы әйел адам. 233 кандидаттың жоғары білімі бар. Әрбір төртіншісі – инженер, ал әрбір бесіншісі экономист немесе заңгер. 67 кандидат (28,6 %) беймемлекеттік меншік нысанындағы ұйымдар мен кәсіпорындардың қызметкерлері, 47-сі (20,1 %) – V шақырылған Парламент Мәжілісінің депутаттары.Тіркелген кандидаттардың орташа жасы – 52 жас, ал олардың ең жасы – 26 жаста.20 ақпаннан саяси партиялар үшін 18 наурызда сағ. 24.00-де аяқталатын сайлауалды үгіт науқаны басталады”, - деді Қ.Тұрғанқұлов.

«Осыған байланысты біз сайлауға қатысушы саяси партиялар мен кандидаттарды, сондай-ақ олардың сайлауалды штабтары мен сенім білдірілген адамдарын адал күрес жүргізуге шақырамыз. Аталмыш «лас» технологияларды қолданбау. Өздерінің үгіттік іс-шараларын ашық, әділ және транспаренттік сайлау өткізу үшін тек қазіргі құқықтық алаң шеңберінде жүзеге асыру» - деді ҚР ОСК Төрағасы сайлау процесіне қатысушыларға.

Сондай-ақ ол сайлау заңнамасының үгіт науқанын жүргізуді реттейтін негізгі ережелерін еске салды.

Барлық үгiттiк баспа материалдарында сол материалдарды шығарған ұйым, олар басылған жерi мен таралымы, тапсырыс жасаған тұлғалар, қандай қаражаттан төленгендiгi туралы мәлiметтер болуға тиiс.

Yгiттiк баспа материалдарын Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары жерлерде дайындауға, анонимдiк үгiт материалдарын таратуға, үгiт материалдарын ескерткiштерге, ескерткіш тұғырларға, тарихи, мәдени немесе сәулеттiк құндылығы бар үйлер мен ғимараттарға, сондай-ақ дауыс беруге арналған үй-жайларға iліп қоюға тыйым салынады. 

Ортсайлауком Басшысы үгіт кезеңінде саяси партиялар мен кандидаттардың митингiлердi, шерулердi, демонстрацияларды және басқа да сайлауалды іс-шараларды ұйымдастыруына және өткізуіне рұқсат етілетінін атап көрсетті. Бірақ заңнамаға сәйкес осы тәрізді іс-шаралар оларды өткізуге дейін 10 күн бұрын жергілікті атқарушы билік органдарымен келісілуі тиіс.

Қ. Тұрғанқұлов сайлау туралы заңның ережелерін бұзғандарға заңмен белгіленген жауапкершілік қолданылатынын еске салды.

“Жергілікті атқарушы органдардың үгіт жүргізу кезеңіндегі негізгі міндеттерінің арасында ҚР ОСК Төрағасы үгіт материалдарын орналастыру үшiн уақтылы түрде орындар белгiлеуді және оларды стендтермен, тақталармен, тұғырлықтармен жарақтандыруды, сондай-ақ партиялар мен кандидаттарға сайлаушылармен кездесуі үшін шарттық негізде үй-жай беруді атады. Бұл орайда үй-жайларды беру шарттары барлық партиялар мен кандидаттар үшін бірдей және тең болуға тиіс”, - деді ол.




Яндекс.Метрика