Саламатты Қазақстан мемлекеттік бағдарламасы

Қызылордада 3 жылда 35 денсаулық сақтау мекемесі салынды

Қызылорда облысында денсаулық сақтау саласына соңғы үш жылда 92 миллиард теңге қаржы бөлінді. Қазір бір тұрғынға шаққандағы шығыстар көлемі бойынша облысымыз Астана қаласынан кейінгі 2-ші орында. Бұл туралы бүгін Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев халық алдындағы есеп беру жиынында мәлімдеді.
Қызылорда18 Ақпан , 09:43

Айта кетейік, Сыр өңірінде 3 жылда 35 жаңа денсаулық сақтау мекемесі салынды. Соның нәтижесінде, облыста жалпы өлім-жітім 14,7 пайызға, сәби өлімі 5 пайызға, жалпы аурушаңдық 5,6 пайызға, ал туберкулезден болатын өлім саны 21 пайызға төмендеді.

Әсіресе, дәрігер мамандардың білігі мен кәсіби деңгейін көтеруге ерекше ден қойылады. Осы мақсатта өткен жылы Облыстық медициналық орталық жанынан С.Асфендияров атындағы ұлттық медициналық университеттің филиалы ашылды.   

Өткен жылдың өзінде Жалағаш кентінде ауысымына 250 келушіге арналған аудандық емхана және Арал ауданының Сексеуіл кентінде ауысымына 100 келушіге арналған ауылдық емхана пайдалануға берілді.

Бұл ауыл тұрғындары үшін медициналық көмектің сапасын және қолжетімділігін арттырды. Сонымен қатар, Жаңақорған ауданының Түгіскен ауылында дәрігерлік амбулаторияның және Жаңақорған кентіндегі ауысымына 250 келушіге арналған аудандық емхананың құрылысы басталды. Қызылорда қаласында 200 төсекке шақталған облыстық көпсалалы балалар ауруханасының құрылысы жалғасуда.




Яндекс.Метрика