Шолу

31 мамыр – қазақстандықтар үшін қастерлі күн

Бүгін 31 мамыр-Қазақстандағы саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. 1937-1938 жылдары елімізде 100 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшырады, ал бұл тізімге енген адамдардың төрттен бір бөлігі ату жазасына кесілді.Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай әзірленген Strategy2050.kz АА материалын ұсынамыз.
Астана қаласы31 Мамыр , 15:06

ҚР Президентінің 1997 жылғы 5 сәуірдегі  Жарлығына сәйкес 31 мамыр елімізде жыл сайын Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні ретінде аталып келеді.

Бүгін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күніне арналған үндеу жолдады.

«Біз бүгін Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құр­бан­дарын еске алу күнін атап өтеміз. Біз ХХ ғасырда халқымыздың басынан өткен қасіретті оқи­ға­лардың түп-тамыры мен себептері неде екенін терең түсінуіміз керек. 1917 жылы болған Қазан сая­си революциясы мен одан кейінгі Азамат соғысы, дәстүрлі өмір салтының күйреуі, сондай-ақ Кеңес билігі жүргізген ауыл ша­руа­шылығын жедел ұжым­дастыру науқаны және оған ілесе келген жаппай ашаршылық пен зорлық-зомбылық елдің эволю­циялық дамуын күрт үзді», - деді Елбасы өз үндеуінде.

Ал Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова  Ақтөбе  облысында  саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарына арналған ескерткіштің ашылуына қатысты.

1920 – 1940 жылдар алығында Ақтөбе облысы бойынша 6 мыңдай адам саяси қуғын-сүргінге ұшыраған. Ату жазасына кесілген 1 мыңға жуығы «Түйетөбеге» көмілген.

«Мемлекет басшысы қазақ халқына бүкіл 20-шы ғасырдың қорқынышты оқиғалардан тұрғандығын ерекше атап өтеді. Сол қорқынышты жылдары қазақ ұлтының қаймақтары – жетекші құрамның 650 адамы атылды, елдің алдынғы шебіндегі ұл-қыздарымыз қудаланды. 2 миллионға жуық адам сотталып, лагерьлерде азапты бастан кешті. Тоталитарлық жүйенің бүкіл салмағын Қазақстанға қоныс аударған миллиондаған азаматтар да сезді, барлығы 62 этникалық топтың өкілдері тұтқындалды. Бұл біздің сол ауқымды қайғының құрбандары туралы ортақ тарихымыз және соны келесі ұрпаққа беру – біздің борышымыз. Бүгін Қазақстан бойынша сол оқиғаларға арнап 66 ескерткіш орнатылды. Ақтөбеде ашаршылық пен қуғын-сүргін құрбандарына ескерткіш аша отыра біз оларды мәңгі жадымызда сақтаймыз», - деді  Гүлшара Әбдіқалықова.

90-жылдары Ақтөбе қаласының маңындағы сайдан қуғынға ұшырап атылған адамдардың сүйектері табылған болатын. 1997 жылы мұнда 1930-1950 жылдардағы қуғын-сүргін құрбандарына арнап ескерткіш-белгі орнатылған.

Қазақстанның барлық өңірлері бүгін саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алып жатыр. Шымкент қаласындағы «Қасірет» мемориалында 31 мамыр Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай «Алаштың арманы – азаттық таңы» атты іс-шарасы өтті. Айтулы шара «Ана мен бала» ескерткішіне гүл шоқтарын қоюдан басталды. Кейін жиынға қатысушылар «Қасірет» кешені жанына жиналып, бір минуттық үнсіздік жариялады. Өскелең ұрпаққа тарихта толы күннің маңызын ұғындыру мақсатында Алаш қайраткерлеріне арналған «Тұлғалар тағылымына тағзым» атты театрландырылған қойылым сахналанды.

Алматыда да 1931-1933 жылдарғы ашаршылық құрбандарының ескерткішіне гүл шоқтары қойылды.

Жалпы,  1921 жылдан бастап 1954 жылдар аралығында КСРО-да шамамен 3 млн 700 мың кінәсіз азамат қуғын-сүргінге ұшырады, оның 600 мыңға жуығына өлім жазасы берілді. Ал қалғандары ұзақ мерзімге бас бостандығынан айрылды.

Тізімнің   арасында қазақ зиялылары: ғалымдар, мәдениет және саясат саласының қайраткерлері болды. Мәселен, Тұрар Рысқұлов, Сәкен Сейфуллин, Мағжан Жұмабаев, Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Мұхамеджан Тынышпаев, Ілияс Жансүгіров, Абдулла Розыбакиев, Санжар Асфендияров және тағы басқалар.

Советтік саяси қуғын-сүргін кезінде Қазақстанда пайда болған еңбекпен түзеу лагерлері мен арнаулы елді мекендер кейін келе жер аударылғандардың тұрақты қонысына айналды.

Статистикаға сәйкес, Қазақстанға 800 мың неміс, 102 мың поляк, 19 мың корейлік отбасы, 507 мың Солтүстік Кавказ елдерінің өкілдері жер аударылды. Елімізге өз еріктерінен тыс Крым татарлары, түріктер, гректер, қалмақтар мен өзге де ұлт өкілдері келді. Жалпы, осы жылдар аралығында  барлығы 1 млн. 500 мың адам жер аударылды.

Халықтық ішкі істер комиссариатының (ХІІК) ерекше жарлығымен қуғын-сүргінге ұшыраған адамдардың отбасы мүшелері де жауапқа тартылды.  Ешқандай айыбы жоқ әйелдері мен кейде апалары, тіпті аналары да жазаланды.

Олар үшін арнайы лагерьлер құрылды, мысалы «АЛЖИР» - отанына опасыздық жасағандардың әйелдері қамалған ақмолалық лагерді барлығымыз білеміз.

Карлаг (Халықтық ішкі істер комиссириатының Қарағанды еңбекпен түзеу лагері)  лагері де болды. Ол  КСРО ХІІК ГУЛАГ-на тікелей бағынатын 1930-1959 жылдардағы ең ірі еңбекпен түзеу мекемесі еді.

Карлаг жаппай саяси қуғын-сүргін кезінде құрылды. Жалпы, Қазақстан аумағында сол кезде  кеңестік тоталитарлық жүйе адам тағдырын ойыншыққа айналдырған өзге де лагерлер көптеп болды. Алайда Карлаг өзінің ауқымы мен маңыздылығы жағынан ең ірісі еді.

Карлагта әлемге әйгілі ғалымдар, дәрігерлер, әскери басшылар, мәдениет қайраткерлері, саясаткерлер, діни атағы бар азаматтер болды. Атап айтар болсақ, А. Чижевский, профессор, ботаник Л. Пельцих, селекционер Б. Фортунатов, P. Цион, А. Диомидов, А. Ланина, Л. Василец, В. Пустовойт (болашақ академик, Екі рет социалистік еңбек ері атанған), А. Симорин, Д. Новогрудский, жазушы  М. Зуев-Ордынец, А. Корнилов және тағы басқалар болды.

Степлаг лагері де Қазақстандағы танымалдардың бірі болған.  Степлаг немесе Дала лагері  – ГУЛАГ жүйесіндегі саяси тұтқындарға арналған лагерь. Оның басқару орталығы бүгінгі Жезқазғанның Кеңгір ауылында орналасқан еді.

АЛЖИР – ең ірі лагерь, онда отанына опасыздық жасағандардың отбасы мүшелері қамалған.  Талайлардың тағдырын тәлкек еткен мекеме  ХІІҢК бұйрығымен  1937 жылы 15 тамызда  Ақмола қаласынан оңтістік-батысқа қарай Төңкеріс (Малиновка) елдімекенінде құрылды. «АЛЖИР» лагері 30 га жерді алып жатты. Тарихшылардың айтуы бойынша оның Қарағанды және Ақмола облыстарында бірнеше бөлімшелері болған.

АЛЖИР-ге әйелдерді әлемнің түкпір-түкпірінен әкеліп жатты – Мәскеу,  Ленинград, Украина, Грузия, Армения, Орта Азия. АЛЖИР музейінің мәліметтеріне сәйкес, абақтыда әйелдер үшін орындар жетіспеді. Қақаған суықта, үскірік аяз бен жауын шашынға қарамастан олар өздеріне өздері барақтар салған. Лагерге түскен адам нәсілінен, атынан, азаматтық мамандығынан айырылып жатты. Олардың барлығына ортақ «Отанға опасыз жасағандар» деген жала жабылды. Қатал саясат, жаппай ату жазасына кесу, ашаршылық пен жер аудару ел арасында үлкен құрбандыққа әкеліп жатты.

Қазақстанда орналасқан барлық лагерлерде өлім көрсеткіші өте жоғары болды. Сонымен, 1940 жылдан бастап 1950 жылға дейін Карлагта 10 000 тұтқын көз жұмды. Тіпті, 1943 жылы өлім көрсеткіші өте жоғары болды, бұл жылы әр ай сайын өте ауыр жағдайларда жүздеген адам жан тапсырды.

1953 жылы Сталин қайтыс болғаннан кейін еш кінәсіз сотталғандарға байланысты жазаны қайта қарау процесі басталып, олар босатыла бастады.

Алайда, 1920-1940 жылдары қамауға алынған көптеген азаматтардың тағдыры әлі де белгісіз күйде қалып отыр.

Президенттің 1997 жылғы жарлығынан басқа, 1993 жылы 14 сәуірде «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» заң қабылданды. Бұл егеменді елімізде қабылданған ең алғашқы заңдардың бірі деп есептеледі.

Адамзат баласы өз өткенін, тарихын ешқашан ұмытпауы керек. Бүгінде тәуелсіз ел ұрпақтары АЛЖИР, Карлаг, Степлаг тұтқындары мен қуғын-сүргінге ұшыраған адамдарды мәңгі есімізде сақтап, құрметтейміз. Біз оларды 31 мамырда ғана еске алып қоймауымыз керек, тарихты оқыған сайын, осы тақырыптағы фильмдерді көрген сайын немес жай күндерде де оларды еске алып отырған жөн. Біз әрқашан Тәуелсіз Қазақстанның арқасында қаншалықты бақытты өмір сүріп жатқанымызды ұмытпауымыз керек. Елбасы да өз үндеуінде бұл туралы айтып өтті.

«Тарихымыздың осы ащы тағы­лымы оны Қазақстанның қазір­­гі ұрпағының жадына тоқып, зер­десіне түйе білуімен құн­ды болмақ. Сондықтан Қазақстандағы әлеу­меттік бірлік пен ұлт­ара­лық келісім, елдің тұрақты экономикасы мен биік халық­ара­лық абырой-бе­де­лі халқымызды ХХ ғасырда бас­тан кешкен зобалаңдардан сақ­тай білетін сенімді кепіл болып сана­лады. Өткен ғасырдың қасіретті кезең­дерін енді ешқашан қайталамау үшін біз бұл жетістіктерді бағалай білуге тиіспіз», - деді Елбасы.

Аягөз Құрмаш

Фото: ашық дереккөзден




Яндекс.Метрика