Өңірлер

Ақтөбеде төлқұжаттар мен жеке куәліктер әзірлейтін орталық ашылды

Азаматтардың жеке басын куәландыратын құжат алу жұмысы енді ақтөбеліктер үшін жеңілдей түсетін болды, деп хабарлады облыстың ішкі саясат басқармасы.
Ақтөбе29 Қаңтар , 20:27

Кеше облыс орталығында ҚР Ішкі істер министрлігінің «Ақпараттық-өндірістік орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының филиалы ашылды.

«Ақтөбе қаласы республикамыздағы төртінші агломерация болғандықтан, жалпы батыс өңірі үшін қызмет көрсететін көптеген орталықтар осында жинақталуы тиіс. Міне, соның бір көрінісі бүгін жүзеге асып отыр. Біз қаланың орталық бөлігінен бұл жаңа кәсіпорынға ыңғайлы ғимарат бердік. Енді Ақтөбенің ғана емес, сондай-ақ көршілес Батыс Қазақстан, Атырау, Маңғыстау және Қостанай облыстарының тұрғындарының куәліктері мен төлқұжаттары осында дайындалатын болады. Бұл халық игілігіне жасалып жатқан істердің бірі деп есептейміз», — деді салтанатты жиында сөз сөйлеген облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.

Салтанатты сәтте Ішкі істер министрлігінің Тергеу департаменті бастығының орынбасары Рахмаджан Досанов, «Ақпараттық-өндірістік орталығы» республикалық мекемесінің басшысы Борис Омаров өздерінің жақсы жаңалыққа қатысты ізгі тілектерін білдірді.

Бұған дейін мұндай филиалдар Алматы, Шымкент қалаларында жұмыс істеп келген екен.
Ақтөбедегі филиалда күн сайын Қазақстан Республикасы азаматтарының 500-800 төлқұжаты және 2 мыңға жуық жеке куәлігі дайындалмақшы.

Филиалға берілген ғимарат жөндеуден өтті, мұнда қауіпсіздік және бейнебақылау жүйелерін монтаждау жүргізілді, электрмен үзіліссіз қамту жүзеге асырылды. Цехқа неміс аппаратурасы қондырылды. Филиалда Астанадағы бас кәсіпорында тағылымдамадан өткен жергілікті қызметкерлер еңбек ететін болады.

«Қазіргі стандартқа сай тиімді қызмет жасауымыз керек. Енді жергілікті әр азамат өз куәлігін алысқа бармай, Ақтөбеден алады. Біздің міндетіміз — жаңа технологиямен халыққа жеке басын куәландыратын құжаттарын қысқа мерзімде әзірлеп беру», — дейді жаңа филиалдың басшысы Жұбандық Беркімбаев.




Яндекс.Метрика