Парламент

2015 жылы ауыл шаруашылығы саласында өнімнің жалпы көлемі 4,4 пайызға көбейді

Елімізде өткен жылы өңделген ауыл шаруашылығы тауарларының көлемі алғаш рет 1 трлн теңгеден асқан. Бұл туралы бүгін Сенатта агроөнеркәсіп кешенін дамыту мәселелері талқыланған жиында ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков айтты.
Астана қаласы28 Қаңтар , 17:32

«2015 жылы алғаш рет өңделген ауыл шаруашылығы тауарларының көлемі 1 трлн теңгеден асты. Көкөніс шырынының өндірісі 43 пайызға, көкөніс консервісінің өндірісі 10,6 пайызға, күріш өңдеу 9,5 пайызға, ірімшік өндірісі 8 пайызға, сүт өнімдерінің өндірісі 5 пайызға артты», - деді А.Мамытбеков.

Министрдің айтуынша, теңге бағамы өзгергеннен кейін отандық азық-түлік өнімдерінің бағасы ресейлік тауармен салыстырғанда бәсекеге қабілетті болды. Жалпы, ауыл шаруашылығы өнімдерінің бәсекеге қабілеттілігі сыртқы нарықта да артқан. 2015 жылы ауыл шаруашылығы саласында өнімнің жалпы көлемі 4,4 пайызға көбейді.

Сондай-ақ, А.Мамытбеков өткен жылы ет экспорты бойынша жоспардың орындалмағанын атап өтті.

«2015 жылы сиыр етін экспорттау бойынша жоспар 11,4 мың тонна болса, шын мәнінде тек 6,5 мың тоннасы экспортқа жөнелтілді. Ресей рублі мен теңге арасындағы айырмашылыққа байланысты жылдың үшінші тоқсанына дейін экспорт жөнді жүрмеді. Егер жыл бойына 6,5 мың тонна экспорттасақ, оның 5 мың тоннасын соңғы үш айда ғана сыртқа шығардық. Теңгенің рубльге шаққандағы бағамы өзгергеннен кейін ғана экспорт ашылды», - деп нақтылады министр.

 

 




Яндекс.Метрика