Мәдениетті жаңғырту

«Қазақ елі» анимациялық фильмінде Керей мен Жәнібектің тарихы қамтылған

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша«САҚ» киностудиясы «Қазақ елі» атты толықметрлі анимациялық фильмін жасады. «Қазақ елі» анимациялық фильмінде Керей мен Жәнібектің тарихы қамтылған, деді ОКҚ-да МСМ Мәдениет және өнер департаментінің директоры Ақтоты Райымқұлова.
Астана қаласы28 Қаңтар , 16:19

« Фильмдегі оқиға желісі Керей мен Жәнібектің бала кездерінен бастап есейіп, ер жетіп, ел басқарып, Қазақ хандығын құрғанға дейінгі аралықты қамтиды. Фильмнің мақсаты балалардың өз тарихын түсінуіне, Керей мен Жәнібектей батырлардың қазақ хандығын қалай құрғанын біліп, соларға еліктеуге, өз елінің патриоты болып өсулеріне жол ашу болып табылады. Балаларға өмірде жақсылықпен қатар жамандықтың да қатар жүретінін АҚ пен ҚАРА күресі арқылы көрсету де шынайы әрі қызықты суреттеледі. Фильмнің қазіргі заман балалары арқылы тарих қойнауына өтуі де ұрпақтар сабақтастығының үндестігі болып табылады», - деді ол.

Фильм желісінде Жәнібек пен Керейдің ұстазы болған Қарт батырдың оларға садақ ату, қылыштасу, атпен шабу, сол секілді жауынгерлік өнердің түрлі тәсілдерін үйретуі кеңінен көрсетіледі. Кейін ел басқаруда білімнің де маңызы зор екенін ұстазынан ұғынған Керей мен Жәнібектің Отырар қаласына аттануы, Отырар кітапханасын аралап, ғұлама ұстаздардан түрлі дәрістер алып, елге оралғанда түрлі ерліктерімен көзге түсе бастауы да қамтылған.

Оның айтуынша, фильм барысында қазақ жерінің әсем табиғаты, сол замандағы Жібек Жолы бойында орналасқан Сауран, Отырар, Сығанақ сияқты ірі қалалар, зәулім хан сарайлары көрсетіледі. Сонымен бірге, кішкентай көрермендеріміз елордамыз Астананың бүгінгі көз сүйсіндірер көркін де тамашалай алады. Фильм көркем туынды болғандықтан тарихи фактілерге сүйене отырып балаларға түсінікті тілде жеңіл әрі қызықты оқиғалар арқылы қамтылып көрсетіледі.

 




Дерекнама

Яндекс.Метрика