Адами капитал

Алматыдағы балабақшалар құны екі есе төмендейді

Алматы қалалық мәслихатының 50- ші сессиясында депутаттар мемлекеттік бала бақшаға баратын бір бала үшін төленетін ақы құнын 15 мың теңгеден асырмау жөнінде қаулы қабылдады, деп хабарлады қала әкімдігі.
Алматы қаласы27 Қаңтар , 20:46

Естеріңізге сала кетейік, «Нұр Отан» партиясының АҚФ-ның депутаттар фракциясы 2016 жылдың 22 қаңтарында қаладағы мемлекеттік бала бақшаларды шаруашылық есептен мемлекеттік тапсырысқа көшіру туралы бастама көтерген еді. Осылайша, биылғы жылдың 1 ақпанынан бастап екі жастан бес жасқа дейінгі мемлекеттік бала бақшаға баратын 17 000 бүлдіршін үшін тек тамақтану құны ғана төленетін болады. Бұл үшін жергілікті бюджеттен өткен жылдың қорытындысы бойынша үнемделген қаржыдан 3 млрд.теңгеге жуық қаржы бөлінеді.

«Бізде тұрмысы төмен жандардың проблемаларын шешу мүмкіндіктері бар. Сондықтан бүгін бала бақшалар құнын өсірудің орнына біз 17 мың бүлдіршіннің құнын төмендетіп отырмыз, осының арқасында әрбір отбасы 20 мың теңге көлемінде қаржысын үнемдейтін болады», - деді сессия барысында Алматы әкім Б.Байбек.

Бұдан өзге, мемлекеттік бала бақшада жұмыс істейтін әрі 48 мың теңге көлемінде орташа жалақы алатын 3 360 тәрбиешіге 30% қосымша ақы төленетін болады.Бұл шаралардың барлығы ҚР-ның Президенті Н. Ә. Назарбаевтың Жолдауында әлеуметтік аз қорғалған жандарға қолдау көрсету туралы айтқан тапсырмасы аясында жүзеге асып отыр.

Бюджеттік комиссия 2015 жылы үнемделген қаржы есебінен бірқатар әлеуметтік маңызы бар шаралар үшін 5,3 млрд.теңге бөлуді қарастырды. Атап өтерлік жайт, өткен жыл 18 млрд. теңге өсіммен аяқталды.

«Әлеуметтік аз қорғалған жандар үшін әлеуметтік нан құнының өсуіне қатысты 59 млн. теңге көлемінде қаржы бөлініп отыр, азаматтардың осы категориясының көлік дотациясы да қарастырылған, яғни алматылық жолаушы тасымалдаушылар үшін 2 млрд.теңге көлемінде қаржы бөлінетін болады. Осылайша, 2016 жылдың 1 наурызынан бастап 4,5 мың мүгедек бала, 23 мың 1 және 2 топ мүгедектері, көзі нашар көретін жандар, 12 мың ҰОС-на қатысушылар мен бұларға теңелген мүгедектер, 50 пайыз жеңілдік алатын 18 жасқа дейінгі 4 және одан да көп балалары бар аналар қоғамдық көлікте тегін жүретін болады, 202 мың оқушыға бағасы 1000 теңгелік, 200 мың зейнеткер мен 7,5 мың көп балалы аналар үшін құны 2000 теңгелік, ал 202 мың студенттер үшін бағасы 3000 мың теңгелік жол жүру билеттері қайтадан пайдаланылады», - деп атап өтті Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Мақсат Қиқымов.

Жеңілдетілген жол ақысы билеттерін алу үшін аталған категориядағы азаматтар қала аудандары әкімдіктерінің әлеуметтік қорғау бөлімдеріне барып, өтініштерін берулері тиіс.

Сонымен қатар, Алматы қаласының 2020 жылға дейінгі даму Бағдарламасына сәйкес азаматтардың өтініштері бойынша қаланың кейбір бөліктеріндегі көлік бекеттері жоқ екендігі жөніндегі мәселе де шешімін табатын болады. Олардың ЖСҚ-ын дайындау үшін бюджеттен 600 мың қарастырылды. Аталған Бағдарлама аясында Алматының көлік моделін жасау да қолға алынады, мұнда жол қозғалысының кешенді схемасы, көлік легін тиімді пайдалану және басқа да жол- көлік жүйесіне қатысты маңызды мәселелер қарастырылған. Осыған орай, аталған схеманы жасау үшін 300 млн.теңге бөлінеді.

Мәжіліс барысында Гагарин атындағы балалар кітапханасына күрделі жөндеу жүргізу үшін 28 млн.737 мың теңге, «Самал» пансионатын жөндеуге 6 млн.471 мың теңге, екі бала бақшаға жеңіл инвентарь, мебель- ыдыс аяқ басқа да керек заттар алу үшін 11млн. 688 мың теңге бөлінетін болды.




Яндекс.Метрика