Инвестициялар

Италия компаниялары Қазақстанда бірлескен инвестициялық жобаларды жүзеге асыруға қызығушылық білдіруде

ҚР ИДМ мен ҚР АШМ өкілдері Италияның бірқатар ірі тамақ компанияларының басшыларымен кездесу өткізді, деп хабарлады Инвестициялар және даму министрлігі.
Астана қаласы25 Қаңтар , 17:54

Италия кәсіпкерлері Қазақстанда көкөніс пен жеміс-жидек өсіріп және оны өңдеу, сүт өнімдері өндірісі, органикалық тыңайтқыштар бойынша бірлескен кәсіпорындар ашуға қызығушылық танытып отыр. Италияндықтар тамақ өнеркәсібі саласында инновациялық жобалар құруға, сонымен бірге стартаптар құруға, қызықты жобаларға қаржы іздестіруге және бизнес-жоспарлар әзірлеуге, жобаларды іріктеуге көмектесуге дайын.

ҚР ИДМ «KAZNEX INVEST» АҚ Төрағасының орынбасары Әсел Ерғазиеваның айтуынша, италиялық компания өкілдері жақын күндері елімізге танысу үшін келеді. Қазақстандық кәсіпкерлермен кездесіп, бірқатар жобаларын ұсынбақ.

Мысалға, Италияның сүт және сүт өнімдерін шығаратын және әлемнің түрлі елдерінде 15 зауыты бар ең ірі «Granorolo» компаниясы Қазақстанда сүт өнімдерін шығаратын (сүт; қатты және жұмсақ ірімшік, моцарелла мен рикотта, йогурт және басқа да сүт өнімдері) бірлескен кәсіпорын құрып, жұмыс істеуге дайын. Компания Қазақстанда шығарылған өнімдерін Ресейге, Қытайға және Иранға экспорттауды көздеп отыр.

«Ottaviani» компаниясы көкөністерді өсіріп, өңдеуге маманданған. Италияда жердің тапшылығынан кәсіпорынның өндірісті өркендетуге мүмкіндігі болмай тұр. Міне сондықтан да Қазақстан компания үшін өнім өндіріп, экспортқа шығаруға үлкен мүмкіндік. «Ottaviani» көкөніс өңдеп, оны қатыратын зауыт салуға дайын. Әр маусымда 300-ден 2000 жуық адамды жұмыспен қамтиды.

 ҚР ИДМ мен ҚР АШМ кәсіпорын өкілдерінің Қазақстанға келіп-кетуін ұйымдастырады. Италия тарапы кездесуде Қазақстанның тамақ өнеркәсібін өркендетуге үлкен мүмкіндігі бар екенін атап өтті. Мамандардың айтуынша, әлемде Қазақстанды қосқанда бес елдің ғана осы салада өнім өндіріп, экспортқа шығаруға, сөйтіп, жаһандағы азық-түлікке деген сұранысты қамтамасыз етуге мүмкіндігі бар.




Яндекс.Метрика