Ұлттың денсаулығы

ҚР Қарулы Күштерінде алғаш рет жауынгердің толық жарақтандырылуымен шаңғы жарысы өтті (ФОТО)

Астана қаласы Орталық саябағының шаңғы роллерлік тас жолында әскери қызметшілер арасында армиялық шаңғыда шаңғымен жүгіру өтті, деп хабарлады Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметі.
Астана қаласы 25 Қаңтар, 20:43

ҚР ҚМ Орталық аппараты, ҚР ҚК Бас штабы, бас басқармалары, орталықтары, Ақмола өңірлік гарнизонының әскери бөлімдері мен мекемелерінің 300-ге жуық әскери қызметшісі 40 команда құрамында қатардағы жауынгер, сержанттар мен офицерлер құрамындағы ерлер мен әйелдер медальдар мен кубоктарды жеңіп алуға бақ сынасты.

«Шаңғы даярлығы жауынгерлік даярлық бағдарламасына кіреді. Біз шаңғыда жүгіреміз, оқ атамыз. Шаңғы дайындығы әскери қызметшілердің жауынгерлік даярлығының ажырамас бөлігі болып қалуы тиіс. Барлықтарыңызға сайыста сәттілік, жеңіс тілеймін», - деп ҚР Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары – ҚР ҚК Бас штабының бастығы генерал-полковник Сәкен Жасұзақов спортшыларға тілегін білдірді. Спорт комитетінің төрағасы – Армия орталық спорт клубының бастығы Айталап Қорғамбаевтың айтуынша, жауынгердің толық жарақтандырылуымен мұндай шаңғы жарысы Қазақстанда алғаш рет өткізіліп отыр. Бірнеше сағат бұрын сайысқа қатысушылар 3 рет жүгіріп өтті. Оның әрқайсысында үш көшбасшы айқындалды. Алғашқы жүгіруде бірінші орынды Астана қаласының Қорғаныс істері жөніндегі департаментінің командасы, екінші жүгіруде бірінші орынды ҚР ҚК Әскери полициясы бас басқармасы, үшінші жүгіруде 68665 әскери бөлімінің әскери қызметшілері алтын медальді қанжығалады.

Жалпы командалық есепте турнирдің бас жүлдесін 68665 әскери бөлімінің командасы жеңіп алды. «Гарнизон арасында біз бірінші орынды иелендік, өте қуаныштымыз. Командамыз мықты әрі тату. Біз бұл жарысқа дайындалдық, жеңіске әбден лайықтымыз», - деп атап өтті жеңіс тұғырынан көрінген команданың әскери қызметшісі сержант Жанна Қалибекова. Армиялық шаңғыда жүгіру ҚР Қарулы Күштері офицерлерінің, келісімшарт бойынша әскери қызметшілерінің, әйел әскери қызметшілердің дене даярлығының деңгейін арттыру, олардың спорттық шеберліктері мен әскери-кәсіби дайындығының деңгейін көтеру мақсатында өткізілді. 

Қазақстандық армияда дене даярлығы жауынгерлік даярлықтың негізі болып табылады. ҚР ҚК-нің офицерлері мен келісімшарт бойынша әскери қызметшілері ұдайы негізде президенттік тест, ай сайын дене даярлығы бойынша нормативтер тапсырады. Ал жылдың соңында қорытынды тексерісте өздерінің көрсеткіштерін растайды.

 





Яндекс.Метрика