Ұлттың денсаулығы

Талдықорғанда Қант диабеті орталығы ашылды (ФОТО)

Алматы облысының орталығы Талдықорған қаласындағы «Нур-Авиценум» медицина орталығында республика бойынша алғашқылардың бірі болып қант диабеті орталығы ашылды, деп хабарлады облыс әкімдігі.
Алматы 25 Қаңтар, 10:28

Бұл игі шара Елбасының 5 институционалдық реформасын жүзеге асыру жөніндегі «Ұлт жоспары – «100 нақты қадамның» 81 қадамында көрсетілген «жекеменшік медицинаны дамыту, медициналық мекемелерге корпоративтік басқаруды енгізуді» іске асыру мақсатында қолға алынды.

Осыдан кейін сөз алған С. Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық университетінің ректоры Айқан Ақанов өз сөзінде, бүгінде қант диабеті ауруының кең етек жайып, ғасыр індетіне айналып бара жатқандығын, аурудың асқынуынан еліміз бойынша жылына аяқты ампутациялау бойынша 5 мың ота жасауға тура келетіндігін айтты. Сондай-ақ өз сөзінде мемлекет тарапынан бұл бағытта үлкен жұмыстар жасалып жатқандығын, отандық мамандарымыздың медицина саласы дамыған Жапония, Еуропа мемлекеттеріне барып, сол елдердің соңғы ғылыми жетістіктерімен танысып, біліктіліктерін арттырып, елімізге сол жаңалықтарды енгізіп жатқандығын да тілге тиек етті.

«Бүгінгі ашылып отырған орталықта өзіміздің мамандарымызды дайындаймыз, олар науқастарды емдеп қана қоймай, аурудың алдын алу жолдарын түсіндіретін болады. Қант диабетімен ауыратын әйел азаматтар тиісті ем қабылдағаннан кейін, дүниеге дені сау нәресте алып келу мүмкіндігіне ие болады. «НурАвиценум» медициналық орталығының мамандары ҚазҰМУ-дың жанындағы эндокринологиялық орталықта біліктіліктерін арттырады, ал эндокринологиялық орталық мамандары Талдықорғанға келіп, жарты жыл бойы жергілікті мамандармен тәжірибе алмасатын болады», - деді А. Ақанов өз сөзінде.

Жалпы орталықта емделу тегін. Барлық шығындарды мемлекет өз мойнына алып отыр. Орталықта бір мезгілде 20 пациент ем қабылдай алады. Қазіргі кезде 14 емделуші ем қабылдауда. Олардың барлығы да - орталыққа портал арқылы келгендер.

Осыдан кейін өңір басшысының орынбасары Б. Өнербаев медициналық орталықтың құрылымымен танысып, науқастардың қал-жағдайын сұрап шықты. Емделушілердің пікірін тыңдап, қызмет сапасын көзімен көрген ол сапалы медициналық қызмет көрсетіп жүргендігі үшін орталық директоры Владимир Крайсманға өңір басшысының атынан алғысын білдірді.

Шара қант диабетін емдеу жолдары, оның алдын алу, сапалы ем жасайтын дәрі-дәрмек түрлерінің таныстырылуына арналған шағын конференциямен аяқталды.

 

 

 





Яндекс.Метрика