Қазақстан Республикасының 2015-2019 жылдарға арналған индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы

ҚР Инвестициялар және даму министрі мен Астана қаласының әкімі елорданың өндірістік кәсіпорындарымен танысты

Бүгін Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму министрі Әсет Исекешев пен Астана қаласының әкімі Әділбек Жақсыбеков елорда кәсіпорындарының жұмыс барысымен танысты, деп хабарлады қала әкімдігінің ресми сайты.
Астана қаласы22 Қаңтар , 19:56

Олар газдалған алкогольсыз сусындар шығаратын «Кока-Кола Алматы Боттлерс» ЖШС, «КСС-Астана» ЖШС-нің шыны өңдейтін зауыты, «Ютария ltd» Өндірістік Инновациялық Компания» ЖШС-на қарасты «KazTexExpo» автоматтандырылған сауда-өндірістік кешені, электрондық-оптикалық құралдар шығаратын «Қазақстан ASELSAN Инжиниринг» ЖШС мен металл конструкциялар мен «сэндвич»-панельдер шығаратын «СПЭН қоршау конструкциялары зауыты» ЖШС зауыттарында болып, индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының аясында жүзеге асырылып жатқан жобалармен танысты.

Қалыптасқан экономикалық жағдайдың тұрақсыздығына қарамастан кәсіпорындардың барлығы жұмыстарын жалғастырып қана қоймай, қазіргі заманғы технологияларды және жаңа жобаларды жүзеге асырып, тұрғындарды жұмыс орындарымен, ал бюджетті тұрақты салық түсімдерімен қамтамасыз етіп, өз өндірістерін және өткізу нарығын ұлғайтуды жоспарлауда.

«Кәсіпкерлік қызметті қолдау, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту, қолайлы инвестициялық климат үшін жағдай жасау біздің жұмысымыздың басты бағыттарының бірі болып табылады»,- деді Ә. Жақсыбеков. Қала басшысы Елбасының жеке араласуымен ШОБ пен инвесторларды мемлекеттік қолдау шаралары жыл сайын артып отырғанын атап өтті. Бұған Астана нақты мысал бола алады.

Жалпы бүгінде «Астана – жаңа қала» арнайы экономикалық аймағының №1 индустриалды паркінде жалпы көлемі 187,5 млрд. теңгені құрайтын 62 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. №1 индустриалды паркінде игерілген инвестициялардың көлемі өткен жылы 36,5 млрд. теңгені құраса, 162,1 млрд. теңгенің өнімі шығарылған. Индустриалды паркті дамыту аясында 2015 жылы жалпы құны 33,5 млрд. теңгені құрайтын 16 инвестициялық жоба қолға алынды. Олар жобалық қуатқа шыққан кезде 1800 жұмыс орны құрылады деп жоспарлануда. Айта кету керек, Индустриалды парк аумағында 2013 жылдан бері 2853 жаңа жұмыс орны ашылған.

Олар алдымен индустриалды парк жанында орналасқан «Кока-Кола Алматы Боттлерс» ЖШС зауытын аралады. Кәсіпорын 2015 жылғы маусымда пайдалануға берілген. Инвесторлардың айтуынша, бүгінде өндірістің жылдық көлемі жылына 100 млн. литрді құрайды, ал 2020 жылы оны төрт есеге ұлғайту жоспарланған. Зауыт өнімдері Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай және Ақтөбе облыстарынан басқа Қырғызстан мен Тәжікстанның нарығына да экспортталады.

Ә. Исекешев пен Ә. Жақсыбеков жоғары технологиялық электрондық-оптикалық құрылғылар шығаратын «Қазақстан ASELSAN Инжиниринг» ЖШС аралады. Кәсіпорын тепловизор, оптикалық жүйелер сияқты инновациялық өнімдер шығарады. Осы сияқты жоғары технологиялық өнімдер әлемнің дамыған бірнеше мемлекетінде ғана шығарылады. Жоба Қазақстанның қарулы күштерін және басқа да ведомстволарын қажетті оптроникамен қамтамасыз ету, сонымен қатар, өнімдерге техникалық және сервистік қызмет көрсетумен айналысады. Кәсіпорында 129 жұмыс орны ашылған. Электрондық-оптикалық құралдар, түнде көретін құрылғылар, тепловизорлар шығаратын зауыттың мақсатты нарығы Қазақстан, ТМД, Түркия, Үндістан, Қытай және т.б. мемлекеттер болып табылады.

Сонымен қатар, №1 Индустриалды парк аумағында шыныны өнеркәсіптік өңдеу зауыты орналасқан. Энергия үнемдеу және техникалық регламенттерді сақтау жөніндегі үкіметтік бағдарламаны қолдау үшін салынған зауытта әлемдік Lisek (Австрия), BiesseS.p.A (Италия), Bistronic (Германия), Glaston (Финляндия) өндірушілерінің заманауи автоматтандырылған қондырғыларымен жабдықталған шыныны қайта өңдейтін қауіпсіз құрылыс материалдары қолданылады. Зауыт өндірісінің мүмкіндіктері Қазақстанның құрылыс нарығын энергия үнемдейтін қауіпсіз шыны өніммен қамтамасыз етуге, құрылыста жаңа архитектуралық шешімдерді пайдалануға мүмкіндік береді. Кәсіпорын қасбеттік және безендірілген шыны пакеттер, интерьерлік, брондалған және электрмен қыздырылатын шынылар шығарады. Қазіргі кезде зауыт өнімі Астананың құрылыс алаңдарында пайдаланылады. Бүгінгі таңда жалпы құны 623,8 млн. теңгенің 70,4 мың шаршы м. шыны өнімі өткізілді. Қазіргі кезде зауытта «Жұмыспен қамту жол картасы - 2020» бағдарламасы бойынша оқытылған 78 маман жұмыспен қамтылды.

«KazTexExpo» автоматтандырылған сауда-өндірістік кешені «ПИК «Ютария ltd» ЖШС жақында (желтоқсан 2015ж.) пайдалануға енгізген кәсіпорын. Кешен «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы бойынша жүзеге асырылуда және ол еліміздің «Индустриаландыру картасы» мемлекеттік бағдарламасына енді, бұл ретте «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры тарапынан кепіл беру және пайыздық мөлшерлемені субсидиялау механизмдері қолданылды. Кәсіпорын жеңіл өнеркәсіп саласынан өнеркәсіптік машина жасау саласына ауысып, ҚР және ТМД кәсіпорындары үшін тігін және арнайы жабдықтар әлемінде белгілі «ZOJE» брендінің автоматтандырылған қондырғыларын құрастыруға және жеткізуге бағытталған. Жаңа өндіріс негізінен әйелдер үшін 350 астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, фабрика халыққа арналған тігін және трикотаж ассортиментіндегі тауарлар мен ЕХРО-2017 дүниежүзілік көрмесін өткізуге бағытталған өнімдер шығаратын болады.

Өндіріс нысандарын аралау барысында Ә. Исекешев пен Ә. Жақсыбеков металл конструкциялар мен «сэндвич»-панельдер шығаратын зауыт «СПЭН қоршау конструкциялары зауыты» ЖШС болды. Кәсіпорын өткен жылдың соңында пайдалануға берілген, қазіргі кезде 816 млн. теңгенің өнімін шығарды. «MDI» (Австралия) фирмасының «сэндвич»-панельдер өндірісі жолға қойылып, жобалық қуаттылыққа шыққан соң жылына 900 мың м2 «сэндвич»-панель (қабырғаға, төбеге арналған) шығарылатын болады. Әзірге, өндірісте 20 адам жұмыс істейді, бірақ қосымша жұмыс орындарын ашу көзделген.

Бағдарлама бойынша соңғы пункт «Универmag.kz» «Қазақстанда жасалған» отандық өнімдер сату орталығы болды. Дүкен өткен жылдың соңында ашылды. Бір айдың ішінде тауар айналымының көлемі 6 млн. теңгеден асты, мұнда қазақстандық 35 тауар өндірушінің өнімдері ұсынылған. Кәсіпкерлер елорда тұрғындары тарапынан отандық өнімдерге тұрақты қызығушылық бар екенін атап өтті, сондай-ақ, кәсіпкерлер осы сияқты дүкендерді еліміздің өзге аймақтарында да ашуға ниетті. 

 




Яндекс.Метрика