Парламент

А.Сәдуақасова: Қазақстандықтар сайлауға ел мүддесіне адал үміткерлер қатысуы керек деп есептейді

Қазақстандықтар сайлауға ел мүддесіне адал үміткерлер қатысуы керек деп есептейді.Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте «Қоғамдық пікір» зерттеу институтының атқарушы директоры Айгүл Сәдуақасова айтты.
Астана қаласы22 Қаңтар , 16:03

«Телефон арқылы сұхбат алу бойынша өткізілген әлеуметтік сауалнама нәтижесімен таныстыруға рұқсат етіңіздер. Сауалнамаға 1200 респондент қатысты, сұрау Астана, Алматы қалаларында және барлық облыстарда өткізілді. Сауалнамаға қала және ауыл халқы тартылды», - деді А.Сәдуақасова.

Зерттеу институтының атқарушы директоры баяндағандай, сауалнама қорытындысы бойынша сұралғандардың 93,6 пайызы мерзімінен бұрын сайлау өткізу бастамасы уақытында жасалды деп есептейді. Респонденттердің 97,2 пайызы Мемлекет басшысының Мәжілісті тарату және мерзімінен бұрын сайлау тағайындау туралы шешімін қолдайды.

«Сондай-ақ сауалнамаға қатысқан азаматтардан неліктен бұл бастаманы қолдайтынын және қандай нәтиже күтетінін сұрадық. Сұралғандардың 95,4 пайызы Ұлт жоспарын жүзеге асыру үшін партияларға сайлаушылар сенімінің жаңа мандатын алу керек деп есептейді. Респонденттердің 97,2 пайызы Мемлекет басшысының қазіргі күннің мақсат-міндеттерін түсіне алатын сауатты, елдің мүддесіне адал кандидаттар керек деген пікірін қолдайды. Бұған қоса, сұралғандардың 90 пайыздан астамы кезектен тыс сайлау дамудың күрделі кезеңінде халықтың бірігуіне ықпал етеді деп есептейді», - деді ол.

Ал сауалнамаға қатысқандардың 94,7 пайызы Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауын бірге өткізу тиімді шешім қабылдауға мүмкіндік береді деген пікірде. Азаматтардың 93,2 пайызының пайымынша, құрамы жаңарған Мәжіліс ел алдында тұрған стратегиялық мақсат-міндеттерді жаңаша көзқараспен шеше алады. Ал респонденттердің 96 пайызы кезектен тыс парламенттік сайлау экономикалық мәселелерді шешуге ықпал етеді деп есептейді.

Еске сала кетейік, 13 қаңтар күні Мәжіліс депутаттары Президентке мерзімінен бұрын парламент сайлауын өткізуді сұрап, бастама көтерген болатын. Оның басты себебі – «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асыру. Ал 20 қаңтарда Елбасы Бесінші шақырылған ҚР Парламентінің Мәжілісін тарату және депутаттардың кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы Қаулыға қол қойды. Оған сәйкес, партиялық тізімдер бойынша сайланатын Мәжіліс депутаттарының кезектен тыс сайлауы 2016 жылғы 20 наурызға, ал Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Мәжіліс депутаттарының сайлауы 2016 жылғы 21 наурызға белгіленді.

 




Яндекс.Метрика