Ұлттың денсаулығы

Қазақстанда 2015 жылы санавиация 2,1 мыңнан астам ұшырылым жасады

Медициналық қызмет көрсету мақсатында Республикалық санитарлық авиация орталығы 2015 жылы 2149 ұшырылым жасады. 2014 жылмен салыстырғанда ұшырылымдар саны 274-ке немесе 13%-дан астам көрсеткішке артты, деп хабарлады Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі.
Казахстан22 Қаңтар , 16:52

Санавиация мамандары өткен жылдың 12 айында 2704 медициналық қызмет көрсетті. Оның ішінде 2098 науқас тасымалданып, 463-іне кеңес берілді және 143 ота жасалды.

Сонымен қатар, 16 донорлық ағза тасымалданып, 1 биоматериал жеткізілді.   

Аталған мерзім ішінде шетелдік емханалар мен медициналық ұйымдардағы ҚР азаматтары-пациенттерін Астана және Алматы қалаларына емдеу шараларын жалғастыру үшін 10 ұшырылым жасалып, тасымалданды. Бангкоктан (Тайланд) және Сеулден (Оңтүстік Корея) – 2 ұшырылымнан, Пекиннен (Қытай), Омск, Екатеринбург қалаларынан (РФ), Кельннен (Германия), Киевтен (Украина), Бали аралынан (Индонезия) – 1 ұшырылымнан жасалды.

Санитарлық авиацияның мобильдік бригадалары балалар жасындағы патология, жарақаттанушылық, қайғылы оқиғалар және уланулар, акушерлік-гинекологиялық патологиялар, қан айналымы жүйесі аурулары, жаңа туған нәрестелердің патологиялары және өзге де аурулар бойынша медициналық көмек көрсетті. 

Сонымен бірге, 2015 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында санитарлық авиацияның мобильдік бригадалары әртүрлі жарақат алған 573 пациентке, оның ішінде жол-көлік апатынан зардап шеккен 253 адамға медициналық көмек көрсетті.

Республикалық санитарлық авиация орталығының жұмыс істеу мерзімінде аса білікті, мамандандырылған және жоғары мамандандырылған медициналық көмектің шұғыл әрі уақытылы көрсетілуі нәтижесінде, мамандарды еліміздің шалғайдағы аудандарына жеткізу, сырқат адамдарды сонымен бірге, ағзаларды әрі қарай трансплантациялау мақсатында тасымалдау арқылы мыңдаған адамның өмірі сақталды.

Санавиация мамандары өз біліктіліктерін үнемі арттырып отырады. 2015 жылы олар қайта даярлаудан өтіп, «Кардиология», «Жан сақтау және шұғыл жағдайдағы интенсивті терапия», «Балалар мен ересектерге шұғыл көмек көрсетудің тактикасы», «Неонотальдық жан сақтау», «Жүректің тоқтап қалуы және жүрек-қантамырлық қызметтің жіті бұзылулары кезіндегі интенсивті терапияның алгоритмдері», «Жедел көмек көрсетудің стандарттары», «Балалар жүрегінің тоқтап қалуы және жүрек-қантамырлық қызметтің жіті бұзылулары кезіндегі интенсивті терапияның алгоритмдері», «Жарақаттану кезіндегі госпитальға дейінгі шұғыл көмек» тақырыптары бойынша сертификацияланды.

Естеріңізге сала кетейік, Республикалық санитарлық авиация орталығының командасы 2015 жылы Литвада Европа мен ТМД-нің 30-дан астам елдерінің қатысуымен өткен жедел медициналық көмек көрсету бойынша жыл сайынғы халықаралық сайыста III жүлделі орын алған болатын.  




Яндекс.Метрика