Парламент

З.Шәукенова: Дағдарыстың жаңа толқыны келгенше дағдарысқа қарсы шараларды қабылдау үшін Мәжілістің құрамын жаңарту қажет

Дағдарыстың жаңа толқыны келгенше дағдарысқа қарсы шараларды қабылдау үшін Мәжілістің құрамын жаңарту қажет. Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР БҒМ Философия, саясаттану және дінтану институтының директоры Зарема Шәукенова осындай пікір білдірді.
Астана қаласы22 Қаңтар , 10:58

«Елбасы парламенттік сайлау өткізу туралы Қаулыға қол қою арқылы тағы бір дана шешім қабылдады. Қазақстан тәуелсіздік жылдары мұндай парасатты қадамдарды бірнеше рет жасады, оның ішінде мерзімінен бұрын электоралдық науқанды да өткізген болатынбыз. Осындай байсалды шешімдердің арқасында біздің еліміз үлкен табыстарға қол жеткізді», - дейді З.Шәукенова.

Сарапшы атап өткендей, осыдан бірнеше жыл бұрын Президент Нұрсұлтан Назарбаев сынақ уақытының туындайтынын ескерткен еді. Ол кезде мұнай бағасы шарықтап, қарқынды дамып жаттық. Бірақ, сол кездің өзінде Мемлекет басшысы мұнайдан түскен табысты Ұлттық қорға жинап, индустриялық-инновациялық даму стратегиясын қабылдады, сондай-ақ, ғылым, білім, медицинада реформаларды қолға алды.

«Ал бүгінгі күні мұның барлығы жаңа ауқымға ие болып, «100 нақты қадам» Ұлт жоспары аясында жүзеге асырылады. Ендігі уақытта Қазақстан жаңа сынақтарды бастан өткеруі тиіс. Бұл кезеңге біз нақты жоспармен аяқ басып отырмыз. Оның іс жүзінде жүзеге асырылуына байланысты еліміз әрі қарай дамудың жаңа сатысына көтеріледі», - дейді институт директоры.

Айта кетейік, ҚР БҒМ Ғылым комитеті Философия, саясаттану және дінтану институты 1999 жылдың ақпан айында Философия және құқық институты мен Философия институты базасында құрылды. Бүгінде институтта басты үш бағыт бойынша жұмыс істейтін 39 ғалым бар. Онда 5 PhD докторант пен 5 магистрант білім алып жатыр.

 




Дерекнама

Яндекс.Метрика