Ұлт жоспары 100 нақты қадам

ОҚО-да Мемлекеттік қызметке үш сатылы іріктеу жүйесі енгізілді

Елбасының «Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласында айтылған жаңа реформа аясында, мемлекеттік қызметке қабылданатындарға үш сатылы іріктеу жүйесі енгізілді. Бұл туралы ОҚО Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Мемлекеттік қызмет істері министрлігінің ОҚО бойынша Департаментінің басқарма басшысы А.Есімханов мәлімдеді.
Оңтүстік Қазақстан25 Қаңтар , 08:52

Оның айтуынша, қызметтік саты, әуелі, ең төменгі лауазымнан басталады, ал одан әрі жоғарылауы үшін белгілі бір құзыреттілік, төменгі лауазымда жұмыс өтілінің болуы, сондай-ақ тұрақты түрде біліктілігін арттыруы талап етіледі. Жаңа заңға сәйкес, мемлекеттік органдардағы босаған лауазымдарға конкурс мемлекеттік органның ішінде, өз қызметшілері арасында өткізіледі. Сәйкес келетін үміткер болмаған жағдайда, конкурс барлық мемлекеттік қызметшілер үшін жүргізіледі.

Ол жерде де оң шешімі табылмаса, үшінші кезең, яғни жалпы жұртшылық арасында жүргізіледі. Ал ауысу рәсімі тек баспасөз хатшыларына және саяси қызметшілердің көмекшілеріне ғана сақталып қалмақ. Бұл дегеніміз сол мекемедегі талапты да талантты азаматтардың болашағына сеніммен қарап, қызметтік өсуіне жол ашу. Сонымен қатар, мемлекеттік қызметке алғаш рет қадам басқандар үш кезеңдік іріктеуден өтеді.

Атап айтсақ, бірінші кезең – тестілеу, екінші кезең – жеке қасиеттерін бағалау, үшінші кезең – әңгімелесу. Аталған кезеңдерден өткендерге тәлімгерлер бекітіліп, 3 айдан 6 айға дейін сынақ мерзімі белгіленетін болады. А.Есімханов мемлекеттік қызметшілер үшін Заңмен мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтар ұғымы енгізілгенін де айтты. Мұндай теріс қылықтарды жасау тәртіптік жауапкершілікке, соның ішінде жұмыстан шығаруға да әкеліп соғатынын, жұмыстан шығарылғандар мемлекеттік қызметке қайта кіру мүмкіндігінен айырылатындығын жеткізді. Айта кету керек, облыста 8217 мемлекеттік қызметші жұмыс жасайды. Соның ішінде ер азамат қызметкер 5625 болса, 2592 –сі әйел азаматтары, 112-сі зейнеткерлік жасқа жақындағандар, ал, 1868-і жас мемқызметкер болып табылады.




Яндекс.Метрика