Парламент

Алматылық заңгерлер ҚР Парламент Мәжілісіне әділ сайлаудың өтуін қамтамасыз етеді (ФОТО)

ОКҚ-да өткен брифинг кезінде Алматылық заңгерлер ҚР Парламент Мәжілісінде өтетін сайлауда әділдікті қамтамасыз ететіндерін айтып өтті.
Алматы қаласы 21 Қаңтар, 16:37

«Заңгерлер әділ сайлау үшін» республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілдері маңызды құқықтық мәселелер бойынша ұсыныстарын талай рет тастаған болатын. Біз сайлау процесін жан-жақты бақылап, қоғамдық мониторинг жүргіземіз, консультация өткіземіз», - деп атап өтті Қонаев атындағы Еуразиялық заң академиясының ректоры, «Заңгерлер әділ сайлау үшін» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Өмірәлі Қопабаев.

Өз кезегінде, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ заң факультетінің деканы, заң ғылымдарының докторы, профессор Дәулет Байделдинов өңірлердің сайлау алдындағы науқан мен дауыс беру күні кезіндегі жеделділігіне тоқталды.

Сот сараптамасы орталығы директорының орынбасары, Алматы «Қазақстан заңгерлері одағы» ҚБ кеңесінің мүшесі Виктория Бурцева аталған бірлестіктің азаматтарға сайлау заңнамасының ережелерін түсіндіріп жатқанын атап өтті.

«Біз азаматтарға сайлау заңнамасының ережелерін түсіндіріп, дау тудыратын мәселелерді шешуге көмектесе аламыз. Аталған бастаманы біз толығымен құптап отырмыз», - дейді ол.

Естеріңізге салып өтсек, 13 қаңтар күні депутаттар Елбасына үндеу жолдап, парламент сайлауын мерзімінен бұрын өткізуді сұраған болатын.

Мәжілісмендердің бұл бастамасы Қазақстан азаматтары арасында кеңінен қолдау тапты.

Осыған байланысты Мемлекет басшысы кеше Мәжіліс төрағасымен және Премьер-министрмен консультация өткізіп, Мәжіліс депутаттарының мерзімінен бұрын Парламент сайлауын өткізу туралы бастамасы түрлі пікірталас алаңдарында, сарапшылар арасында және бұқаралық ақпарат құралдарында кеңінен талқыланып жатқанын айтты.

Кейінірек Нұрсұлтан Назарбаев Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевпен және Премьер-Министр Кәрім Мәсімовпен консультация өткізді. Президент мемлекет жүзеге асырып жатқан терең реформалар мен әлемдік нарықтағы ахуал тұрғысынан бұл бастама өзекті болып отырғанын атап өтті.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысы бастаманың Мәжіліс пен мәслихат сайлауын біріктіруге, қаржылық және ұйымдастырушылық шығыстарды оңтайландыруға мүмкіндік беретініне назар аударды.

Өз кезегінде Конституциялық кеңес төрағасы И.Рогов Конституцияның 63-бабының 1-тармағына сәйкес, Парламентті немесе Парламент Мәжілісін Қазақстан Президенті Парламент палаталарының төрағаларымен және Премьер-Министрмен консультациядан кейін тарата алатынын айтты. Сонымен бірге, Конституциялық кеңес төрағасы мерзімінен бұрын сайлау Парламент немесе Парламент Мәжілісі өкілеттігін мерзімінен бұрын доғарған күннен кейін екі ай ішінде өткізілетініне назар аударды.

И.Рогов Мәжіліске кезектен тыс сайлауды алдағы барлық деңгейдегі мәслихат сайлауымен бір мезгілде өткізу Конституция нормаларына толық сай келетінін атап өтті.

20 қаңтарда Елбасы Бесінші шақырылған Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісін тарату және Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы Қаулыға қол қойды.Оған сәйкес, партиялық тізімдер бойынша сайланатын Мәжіліс депутаттарының кезектен тыс сайлауы 2016 жылғы 20 наурызға, ал Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауы 2016 жылғы 21 наурызға белгіленді.

 

 





Дерекнама

Яндекс.Метрика