Парламент

Сенат бұқаралық іс-шаралар өткізу кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету туралы заң жобасын қабылдады

Сенаттың жалпы отырысында палата депутаттары «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне спорттық және спорттық-бұқаралық, ойын-сауық мәдени-бұқаралық іс-шаралар өткізу кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңын қабылдады.
Астана қаласы21 Қаңтар , 11:23

«Аталған құжатты Сенат екі оқылымда талқылап, бірқатар түзетулер енгізілгендіктен Мәжіліске қайтарған болатын. Алайда, төменгі палатаның қызметі тоқтатылып, Мәжіліс тарқағандықтан құжатты Сенат қайтадан сұратып алынған.Конституцияға сәйкес, Мәжіліс уақытша болмаған кезеңде Парламенттің заң қабылдау қызметін Сенаттың өзі атқара береді. Осыған орай, жалпы отырыста жоғары палата аталған құқықты пайдаланып, заң жобасын талқылаған болатын», - деді Парламент Сенатының депутаты Дулат Құстаулетов

Жалпы айтқанда, аталмыш  заң негізінен спорттық-бұқаралық, мәдени ойын-сауық және басқа да іс-шараларын ұйымдастыруға, өткізуге байланысты құқықтық қатынастарды реттеуге бағытталады. Мәселен, ондай шараларды өткізу үшін жергілікті атқарушы органдар ұйымдастыру комитеттерін құратын болады. Олар шараларды өткізуге тартылған ұйымдардың қызметін үйлестіреді. Жеке тұлғалардың мәдениет, дене шынықтыру, спорт саласындағы құқықтары мен міндеттері айқындалып, олардың шараларға баруы кезіндегі тыйым салулары мен шектеулері кеңейтіледі. Осыған байланысты жеке тұлғаларға аталған шаралардағы мінез-құлықтың, жүріс-тұрыс қағидаларын бұзғаны үшін әкімшілік жауаптылық енгізіледі.

Анар Тәңірқұлова




Яндекс.Метрика