Парламент

Мәжіліс пен мәслихат сайлауы компаниясына қабылдау негізгі 3 кеңнен тұрады - ОСК

Мәжіліс пен мәслихат сайлауы компаниясына қабылдау негізгі 3 кеңнен тұрады.Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәжілісінде Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов мәлімдеді.
Астана қаласы21 Қаңтар , 11:08

«Бекітілген күнтізбелік жоспарларға сәйкес сайлау науқандарының негізгі кезеңдері келесідей мерзімдерде өтеді. Партиялық тізімдер бойынша сайланатын Парламент Мәжілісінің депутаттарын ұсыну 2016 жылдың 8 ақпанына дейін, ал партиялық тізімдерді тіркеу 19 ақпанға дейін жүргізіледі. Сайлау туралы заңға сәйкес партиялық тізімдер бойынша сайланатын Мәжіліс депутаттығына кандидаттарды ұсыну құқығы саяси партияларға, ал Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Мәжіліс депутаттығына кадидаттарды ұсыну құқығы Ассамблея кеңесіне тиесілі. Қазақстан халқы Ассамблеясынан Мәжіліс депутаттығына кандидаттарды ұсыну 29 ақпанға дейін созылып, ал оларды тіркеу 29 ақпан мен 5 наурыз аралығында өтеді. Мәслихаттар депутаттарын сайлауға кандидаттарды ұсыну 2016 жылдың 19 ақпанына дейін жүргізіледі», - дейді Қуандық Тұрғанқұлов.

Партиялық тізімдер бойынша сайланатын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауы 2016 жылғы 20 наурызда, ал Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауы 2016 жылғы 21 наурызда өтеді.

Естеріңізге салып өтсек, 13 қаңтар күні депутаттар Елбасына үндеу жолдап, Мәжіліс сайлауын мерзімінен бұрын өткізуді сұраған болатын. Мәжілісмендердің бұл бастамасы Қазақстан азаматтары арасында кеңінен қолдау тапты. 18 қаңтар күні Мемлекет басшысы парламенттің қос палатасының төрағалары және Премьер-министр Кәрім Мәсімовпен консультация өткізді.

Конституцияның 63-бабының 1-тармағына сәйкес, парламентті немесе парламент Мәжілісін Қазақстан Президенті парламент палаталарының төрағаларымен және Премьер-министрмен консультациядан кейін тарата алады. Сайлау парламент өкілеттігін мерзімінен бұрын доғарған күннен кейін екі ай ішінде өткізіледі.

Ал кеше, яғни 20 қаңтар күні ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Бесінші шақырылған Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісін тарату және Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы Қаулыға қол қойды.

 

 




Яндекс.Метрика