Парламент

Сенат ҚР мен ХҚДМ арасында уақытылы жүйе құру келісімін ратификациялады

Бүгін Сенаттың жалпы отырысында жоғары палата депутаттары «Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта құру және Даму банкі арасындағы қарыз туралы келісімді (Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталандыру жөніндегі жоба) ратификациялау туралы» заңды қабылдады.
Астана қаласы21 Қаңтар , 10:59

Келісім 2015 жылдың шілдесінде Астанада жасалған. Келісімге сәйкес Халықаралық Қайта құру және Даму банкі Қазақстанға еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталандыру жөніндегі жобаны қаржыландыруға 100 млн АҚШ долларын қарыз береді.

«Келісімге сәйкес ұлттық біліктілік жүйесін қалыптастыру және енгізу мәселесі қарастырылады. Бұл жүйе барлық дамыған мемлекеттерде сегіз біліктілік деңгейін қамтиды. Оның ең төменгі сатысы орта білімі бар азаматтар болса, одан кейін орта, орта мамандандырылған, бакалавриат, жоғары магистратура, PhD болып бөлінеді. Осы біліктілік санаттарын қарап азаматтарға жұмыс орындары, атқарылатын жұмыстың көлемі және еңбекақы деңгейі белгіленеді. Бізде қолданыста жүрген біліктілік жүйесі тек үш сатыдан – орта, орта мамандандырылған және жоғары біліктілікті қамтиды. Қазіргі уақытта азаматтық қызметшілер бакалавриат, магистратура немесе PhD деңгейін иеленген болса, олардың бұл деңгейіне қарамастан бірдей көлемде жұмыс және еңбекақы белгіленіп отыр», - деп баяндады ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова.

Оның айтуынша, осы кемшіліктердің орнын толтыру үшін келісімде біліктілік жүйесін қайта қарастырып, оны дамыған елдердің жүйесіне сәйкестендіру көзделген. Бұған қоса, кәсіби стандарттарды белгілеу және сол бойынша оқу стандарттарын өзгерту болып отыр.

Берешекті өтеу мерзімі – 5 жылдық жеңілдік кезеңін қоса алғанда 19 жыл. Төленуге тиіс біржолғы комиссия қарыз сомасының 0,25 пайызын құрайды.

Жобаны іске асыру тәуелсіз бағалау жүйесін және біліктілікті сертификаттауды енгізуді және жетілдіруді көздейді. Бұдан бөлек, жұмыспен қамту қызметтерін жақсартуды, еңбекке қабілетті халықты оқып-үйретуге қолжетімділікті кеңейту қарастырылады.

 

 




Яндекс.Метрика