Парламент

Қ.Тоқаев: Мәжілістегі мерзімінен бұрын сайлау дағдарысқа қарсы шараларға жаңа серпін береді

Елбасының депутаттардың Мәжілістің мерзімінен бұрын сайлауын өткізу бастамасын қолдауы дағдарысқа қарсы шараларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді, деді Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев палатаның кеңейтілген отырысында.
Астана қаласы21 Қаңтар , 10:32

«ҚР Президенті кеше Парламент Мәжілісін мерзімінен бұрын таратып, Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттар сайлауын өткізу туралы Жарлығына қол қойды. Елбасының бұл шешімі қоғам мен мемлекет үшін аса маңызды болып табылады. Сонымен қатар, бұл аса өзекті реформаларды жүзеге асыруға жедел кірісіп, дағдарысқа қарсы шараларға жаңа серпін беретіні сөзсіз. Елбасының ауқымды реформаларын нақты жүзеге асыруға кіріскен кезеңде саяси партиялардың сайлаушылардан жаңа сенім мандатын алуы өте маңызды», деді Қ. Тоқаев.

Жоғарғы палата төрағасы атап өткендей, ҚР Конституциясына сәйкес, Мәжілістің құзыреті уақытша тоқтатылған кезде олардың міндетін Сенат атқарады.

«Сенаттың алдында аса жауапты міндеттер тұр. Конституцияға сәйкес, Мәжіліс уақытша болмаған кезде Парламенттің заң шығару қызметін Сенат атқаратын болады. Елбасының Ұлт жоспарын заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету үшін Сенат Үкіметпен бірлесіп ауқымды жұмыстарды үйлесімді түрде жалғастыратын болады. Сенаторлар қоғам мен мемлекеттің тұрақты дамуына аса қажетті заңдарды қабылдауда өздерінің мол тәжірибесін аянбай жұмсайтынына сенім мол»,- деді Қ. Тоқаев.

 Айта кетейік, 20 қаңтарда Елбасы Н.Назарбаев Мәжілістің мерзімінен бұрын сайлауын  2016 жылдың 20 наурызында өткізу туралы Жарлыққа қол қойды.

Анар Тәңірқұлова




Дерекнама

Яндекс.Метрика