Парламент

Н.Назарбаев бесінші сайланған Парламент Мәжілісінің өкілеттігін мерзімінен бұрын тоқтату туралы Жарлыққа қол қойды

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Бесінші шақырылған Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісін тарату және Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы Жарлығына қол қойды, деп хабарлады Ақорданың баспасөз қызметі.
Астана қаласы20 Қаңтар , 19:58

«Қазақстан Республикасы Конституциясының 44-бабының 2) тармақшасына, 63-бабының 1-тармағына, «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 85-бабына сәйкес ҚАУЛЫ ЕТЕМІН:

1. Бесінші шақырылған Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі таратылсын.

2. Партиялық тізімдер бойынша сайланатын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауы 2016 жылғы 20 наурызға тағайындалсын.

3. Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайтын Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауы 2016 жылғы 21 наурызға тағайындалсын.

4. Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын дайындауды және өткізуді ұйымдастырсын.

5. Қазақстан Республикасының Үкіметі, Астана және Алматы қалаларының, облыстардың әкімдері Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын ұйымдық, материалдық-техникалық және қаржылық қамтамасыз ету жөніндегі барлық қажетті шараларды кідіріссіз қабылдасын.

6. Осы Жарлық жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі», - делінген Жарлықта.




Яндекс.Метрика