Жасыл даму 2050

ОҚО-да Бұхар бұғысының өсімі рекордтық көрсеткішке жетті

Оңтүстік Қазақстанда Елбасы сыйға тартқан бұхар бұғыларының басы 103-ке жетті. Нақтырақ айтсақ, бүгінде «Сырдария-Түркістан» мемлекеттік өңірлік табиғи паркі» КММ-нде 35 бас аналық, 46 бас аталық және 22 бас төл бұхар бұғысы өсірілуде, деп хабарлады облыс әкімдігі.
Оңтүстік Қазақстан22 Қаңтар , 19:16

Еске салсақ, 2000 жылы «Сырдария-Түркістан» мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің Түркістан филиалында Сырдария өзенінің бойындағы тоғай орманынан 2 гектар жер учаскесіне қоршау орнатылып, бұхар бұғыларының тұқымбағы ұйымдастырылған. Сол кезде Түркістан қаласының 1500 жылдық мерейтойына келген Мемлекет басшысы осы өңірдің тоғай, орманында мекендеген жануарларды көбейтіп, келешек ұрпаққа сақтап қалу мақсатында 8 бас бұхар бұғысын сыйға тартқан болатын. Осылайша, жерсіндірілген бұғылардың саны 15 жылда 95 басқа артып, 103-ке жетті.

Облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы мамандарының хабарлауынша, жануарлардың жылдық өсімі 6-8 бас аралығында болса, соңғы үш жылда аналық бұғылар жылына 11-16 бас аралығында төлдеген. Ал өткен 2015 жылы бұғы санының өсуі рекордтық көрсеткішке жетіп, 22 төл алынды.

Айта өтейік, бұхар бұғыларының өмір сүру ұзақтығы 15-20 жыл. Жануар түрі қазіргі таңда Қазақстанның және халықаралық табиғат қорғау одағының Қызыл кітаптарына еніп, қорғауға алынған. Оның биологиялық ерекшеліктері – аналықтарында мүйіз болмайды. Аталықтарында бес бұтақты мүйіз болады. Мүйізі жылма жыл түсіп, ауысып отырады. Күйге түсу уақыты тамыздың аяғынан қазанның басына дейін жүреді. Мамыр-маусым айларында төлдейді.




Яндекс.Метрика