Халықаралық интеграция

ҚР Президентінің Иранның ядролық бағдарламасын жүзеге асыру ісіндегі ілгерілеуге байланысты мәлімдемесі

Ақорданың ресми сайты Иранның ядролық бағдарламасы бойынша Жан-жақты қамтылған бірлескен іс-қимылдар жоспарын жүзеге асыру ісіндегі ілгерілеуге байланысты Қазақстан Республикасы Президентінің мәлімдемесін жариялады.
Астана қаласы30 Желтоксан , 17:42

«Иранның ядролық бағдарламасы төңірегіндегі жағдайды реттеу жөніндегі Жан-жақты қамтылған бірлескен іс-қимылдар жоспарын (бұдан әрі – ЖҚБІЖ) жүзеге асыру ісіндегі ілгерілеуді және еліміздің бұл үдеріске тікелей қатысу мүмкіндігін Қазақстан құптайды.

Еуропалық Одақтың Сыртқы істер және қауіпсіздік саясаты жөніндегі жоғарғы өкілі Федерика МогериниҚазақстанға халықаралық дәнекерлердің «алтылық тобы» (АҚШ, Германия, ҚХР, Ресей, Ұлыбритания және Франция) мен Иранның бірлескен комиссиясының үйлестірушісі ретінде ЖҚБІЖ-нің орындалуына жәрдем беру жөнінде өтініш жасады.

Саяси-дипломатиялық шешім Иранның ядролық бағдарламасы төңірегіндегі жағдайды реттеудің бірден-бір дұрыс амалы болып табылатыны туралы Қазақстан Республикасының жүйелі ұстанымын ескере отырып, сондай-ақ аймақтық және халықаралық қауіпсіздікті елеулі түрде нығайтатын, Иранның халықаралық қауымдастықпен қатынастарын қалыптандыруға маңызды үлес қосатын, аймақтағы барлық мемлекеттердің экономикалық және әлеуметтік дамуына оң әсер ететін, сондай-ақ Қазақстан мен Иран арасындағы екіжақты ынтымақтастықтың одан әрі дамуына қолайлы жағдай жасайтын ЖҚБІЖ қабылдануының тарихи маңызын сезіне отырып, Қазақстан «алтылық» пен Иранның Бірлескен комиссиясының өтінішін қанағаттандыру жөнінде шешім қабылдады.

Осы шешімнің негізінде «алтылық тобын», Иранды, Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттікті (АЭХА) және БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тиісті құрылымдарын үйлестіру арқылы осы елден тасып шығарылатын аз байытылған уран үшін ЖҚБІЖ-де қарастырылған өтем ретінде 2015 жылғы 27 желтоқсанда «Қазатомөнеркәсіп» Ұлттық компаниясы» АҚ коммерциялық шарттарға орай Иранға 60 метрикалық тонна табиғи уран жеткізді.

Қазақстан Иранның ядролық бағдарламасы бойынша халықаралық келіссөздерді жүргізу үдерісін ұдайы қолдап,  оған өзінің нақты үлесін қосты. Менің бастамаммен 2013 жылы Алматыда «алтылық тобы» мен Иран арасындағы келіссөздердің қайта жаңартылуына ықпал еткен Иранның ядролық бағдарламасы жөніндегі келіссөздердің екі кезеңі өтті. Алматыдағы келіссөз кезеңдерінің нәтижелері екі жылдан кейін қабылданған ЖҚБІЖ-ге негіз болғанын мақтанышпен айта аламыз.

Қазақстан таратпау тәртібін нығайтуға да ұдайы өз үлесін қосып келеді. Жаһандық ядролық цикл қауіпсіздігін нығайтуға маңызды үлес қосатын Аз байытылған уран банкін (АБУБ) біздің елімізде орналастыру туралы Қазақстан мен АЭХА арасында 2015 жылғы тамызда келісімге қол қойылуы – бұл бағыттағы кезекті қадам  болды.

2015 жылғы шілдеде «алтылық тобы» және Иран арасында қол жеткізілген уағдаластықтың мүлтіксіз орындалуы ядролық қаруды таратпау тәртібін одан әрі нығайтуды қамтамасыз ететініне, сонымен қатар бейбіт ядролық қызметті дамыту үшін ядролық қаруды таратпау туралы шартқа мүше әрбір мемлекеттің заңды әрі ажырамас құқықтары олар шарттың ережелерін сақтап, АЭХА кепілдіктері туралы келісім мен оның Қосымша хаттамасы қанағаттандырылған жағдайда іске асатынына сенімдіміз.

Бүгінде «алтылық тобына» кіретін мемлекеттер, Иран және басқа да бірқатар елдер арасындағы сындарлы ынтымақтастық арқасында бұл уағдалыстықтар іске асырыла бастады. Мұндай ынтымақтастық ең күрделі мәселелердің шешімін бейбіт жолмен іздеуге деген ұмтылысты және сенімді көрсететін жаһандық деңгейдегі қатынастардың жаңа парадигмасының басы бола алады деп сенеміз.

БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-ші сессиясында 2015 жылғы қыркүйекте сөйлеген сөзімде мен халықаралық қауымдастықты ядролық қарусыз әлем құру ісін адамзат үшін XXI ғасырдағы басты мақсатқа айналдыруға шақырдым. Қазақстан ядролық қарусыз әлемді құруға тек жер бетіндегі барлық елдердің бекем саяси жігері болған жағдайда ғана қол жеткізілетініне сенімді», - делінген мәлімдеменің мәтінінде. 




Яндекс.Метрика