Білім беру

К.Көкірекбаев: Егер жастарымыз техникалық мамандықты меңгеріп шықса, елімізге де, өзіне де пайдасын көп тигізген болар еді

Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкрекбаев студент жастарға дәріс оқыды. «Нұрлы жолмен жарқын болашаққа қадам жасау – жастар мүддесі» тақырыбында өткен кездесуде облыс әкімі өңірде жасалып жатқан жұмыстарды жастарға баяндап берді.
Жамбыл30 Желтоксан , 11:16

«Біз пікір алмасып, ой бөлісетін дәстүрлі дәрісте сіздермен жүздесіп отырмыз. Сіздермен ашық әңгімелесу өте қызық және кездесу барысында көптеген өзекті мәселелерді шешуге болады»,- деді Кәрім Көкрекбаев өз баяндамасында.

Аймақ басшысы өңірде ірі индустриалды-инновациялық жобалар жасалып жатқандығын, аталған жобада 100-ден аса шағын және орта кәсіп нысандары ашылатындығын, бұл жобаларды іске асыру үшін техника мен тау-кен мамандары, химия технологиясы инженерлері, автоматтандыру мен өлшеу-бақылау құрылғыларының шеберлері, электр мен энергетика инженерлері және т.б. техникалық мамандар қажет екендігін, осы мәселені өңірдегі ЖОО мен орта техникалық білім беретін мекемелер назарда ұстауын атап көрсетті.

Сонымен қатар жыл сайын дәстүрлі түрде мемлекеттік жастар саясаты шеңберінде шығармашыл жастардың, облыстың мәдени және рухани дамуына қосқан үлесі үшін облыс әкімінің сыйақысын тапсыру рәсімі өткізілді.

Аталған шара ғылым, мәдениет және спорт саласындағы шығармашыл жастардың (сазгер, солист-вокалист, сәулетші, музыкант, суретші, бейнелеу, қолданбалы өнер, жазушы мен ақындар) кәсіби өсуін ынталандырудың дәлелі болып табылады.

Байқауға ғылым, солист-вокалист, мәдениет, жазушы мен ақындар, суретші, сәулетші, спорт номинациялары бойынша 35 жасқа дейін азаматтар қатысқан.
«Бақытыңды жер-көктен іздеме, еңбектен ізде», демекші, жастарымыз еңбектің қадірін біліп, техникалық мамандықты меңгеріп шықса, елімізге де, өзіне де пайдасын көп тигізген болар еді,- деп аймақ басшысы өз сөзін қорытындылады.

Дәріс соңында студенттер өз ойларын ортаға салып, көкейлерінде жүрген сұрақтарына да жауап алды.

Аталған шараға жергілікті атқарушы органдардың басшылары, үкіметтік емес жастар ұйымдарының көшбасшылары, жоғары және орта арнаулы оқу орындарының жастар ісі жөніндегі комитет жетекшілері, жоғары және орта арнаулы оқу орындарының студенттері, облыс жастары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.




Яндекс.Метрика