Басқару

Мемлекет басшысы мемлекеттік органдар мен ұлттық компаниялар қызметкерлерін Жаңа жылмен құттықтады

Үкімет Үйінде Жаңа жылды мерекелеуге арналған салтанатты жиын өтті, оның барысында ҚР Премьер-Министрі Кәрім Мәсімов Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтауын оқып берді, деп хабарлады ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметі.
Астана қаласы29 Желтоксан , 20:51

Іс-шараға Үкімет мүшелері, орталық мемлекеттік органдар және ұлттық компаниялар басшылары, ҚР Премьер-Министрі Кеңсесінің қызметкерлері қатысты. 

Өзінің құттықтауында Мемлекет басшысы өткен жылы Қазақстан ілгерілемелі даму жолымен сенімді жылжығанын айтып өтті. Президенттік сайлау өтіп, онда қазақстандық қоғамның ауызбірлігі және елді кешенді жаңғыртудағы таңдалған бағыттың дұрыстығы қуатталды. Айтулы оқиғалар Ұлы Жеңістің 70-жылдық мерейтойы, Конституцияның 20-жылдығы, Қазақ хандығының 550-жылдығы және Қазақстан Халқы Ассамблеясының 20-жылдығы болды. 

«Индустриялық-инновациялық және инфрақұрылымдық дамудағы маңызды нәтижелерге қол жеткізілді. Мемлекет өзінің әлеуметтік міндеттемелерінен жалтарған жоқ, қазақстандықтар ертеңгі күніне сенімді. ЕАЭО аясында экономикалық интеграция одан әрі нығайтуға ие болды, сондай-ақ еліміз Дүниежүзілік сауда ұйымына кірді», - делінген ҚР Президентінің құттықтауында. 

Елбасы сыртқы нарықтардағы жағымсыз оқиғаларға қарамастан Қазақстан экономикалық және әлеуметтік тұрақтылықты сақтай алғанын баса айтты. Ағымдағы шаралар жедел әрі сапалы жүзеге асырылды, Бес институционалдық реформаны жүзеге асыруға қажетті база әзірленді. 

Осыған байланысты Мемлекет басшысы Үкімет мүшелеріне, Премьер-Министр кеңсесінің және атқарушы биліктің орталық органдарының барлық қызметкерлеріне ерен еңбегі мен мемлекетіміздің өркендеуіне қосқан үлесі үшін алғыс білдірді.

«Келе жатқан Жаңа жылдарыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Зор денсаулық, елімізді дамытуда кәсіби табыстар және отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін!», - деп түйіндеді Президент өз құттықтауында.




Яндекс.Метрика