Парламент

Мемлекет басшысы Сенат және Мәжіліс аппараттарының қызметкерлеріне сындарлы жұмысы үшін ризашылығын білдірді

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бүкіл депутаттық корпусты, Сенат пен Мәжіліс аппараттарының қызметкерлерін келе жатқан Жаңа жылмен құттықтады. Мемлекет басшысының жаңа жыл мерекесіне орай құтықтауын Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев жария етті.
Астана қаласы29 Желтоксан , 11:56

«Қазақстан Респубилкасының Парламентіне! Құрметті депутаттар, құрметті Парламент Сенатының және Мәжілісінің аппарат қызметкерлері! Өтіп бара жатқан жылы Қазақстан үдемелі даму жолымен батыл ілгерілей түсті. Президент сайлауы өтіп, ол қоғамымыздың тұтастығын, елді толайым жаңғырту үшін таңдап алған бағытымыздың дұрыстығын дәлелдеп берді. Бұл жыл тарихи жадыны жаңғырту, мемлекеттілікті жалпыұлттық бірлікті нығайту рухында өтті. Фашизммен соғыстағы Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерейтойы, Ата заңымыздың 20 жылдығы айрықша маңызды оқиғаларға айналды.

Қазақ хандығының 550 жылдығын және Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығын салтанатты түрде атап өттік. Елді индустриалды-инновациялық және инфрақұрылымдық дамыту ісінде маңызды нәтижелерге қол жеткізілді. Мемлекет өзінің әлеуметтік міндеттемелерінен бас тартқан жоқ. Қазақстандықтар ертеңгі күнге нық сенімді. Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы экономикалық интеграция одан ары жалғасты. Сондай-ақ, еліміз Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болды. Қазақстан сыртқы нарықтардағы қолайсыз ықпалдарға қарамастан экономикалық және әлеуметтік тұрақтылықты сақтап қалды. 

Бұған республика Парламентінің заң шығарушылық жемісті жұмысы елеулі септігін тигізді. Ағымдағы әлеуметтік-экономикалық шаралар үшін де, 5 инстиуттық реформа жүзеге асыру үшін де жедел және сапалы құқықтық негіз қаланды. Осы орайда, бүкіл депутаттық корпусқа, Сенат және Мәжіліс аппараттарының қызметкерлеріне сындарлы жұмысы және мемлекетіміздің өркендеуіне қосқан баға жетпес үлестері үшін ризашылығымды білдіремін. Сіздерді келе жатқан Жаңа жылмен шын жүректен құттықтаймын. Баршаңызға мықты денсаулық, республикамызды дамыту жолындағы еңбектеріңізге кәсіби табыс, отбасылық игілік пен бақ-береке тілеймін»,- делінген Елбасы құттықтауында.




Яндекс.Метрика