Парламент

ҚР Парламентінің Сенаты ҰҚК – ның жаңа төрағасын тағайындауға келісім берді

Сенат ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы қызметіне Владимир Жұмақановты тағайындауға келісім берді.
Нұр-Сұлтан28 Желтоксан , 10:29

«Өткен жұмада Мемлекет басшысының Жарлығымен Нұртай Әбіқаев ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті төрағасының қызметінен босатылды. Ол ҚР Парламенті Сенатының депутаты болып тағайындалды. Конституция талаптарына сәйкес Президент Сенатқа Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасын тағайындауға келісім беру үшін ұсыныс енгізді», - деген ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы Нұрлан Нығматулин Елбасының ұсынысын оқып берді.

"ҚР Парламентінің Сенаты ҚР Конституциясының 44-бабының 4-тармақшасына 55-бабының 2-тармақшасына сәйкес Владимир Зейноллаұлы Жұмақановты ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы қызметіне тағайындауға келісім беруді сұраймын", - деген Президент.

Өз кезегінде Сенаттың халықаралық қатынастар, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрағасы Икрам Адырбеков Владимир Жұмақановтың кандидатурасы бұл лауазымға лайық екенін атап өтті.

«Елбасына ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы лауазымына ұсынған кандидатура Владимир Жұмақанов кадрлық білікті, білімді, тәжірибелі басшы. Нұртай Әбіқайұлының бірінші орынбасары ретінде комитеттің жеткен жетістіктеріне қосқан үлесі зор. Бүгінде қалыптасқан нәтижелі істерді жалғастырып қана қоймай, оны әрі қарай қарқынды дамытатынына толық сенімдіміз», - деді И.Адырбеков.

Сенат депутаттары Президенттің ұсынысын толық қолдап, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы қызметіне Владимир Жұмақановты тағайындауға бірауыздан келісім берді. 




Яндекс.Метрика