Өңірлер

Алматы облысында 2015 жылы 6,1 млрд теңгеге туристік индустрияның 26 жаңа нысаны іске қосылды

Алматы облысында 2014-2018 жылдарға арналған туризмді дамыту жоспарының орындалу барысы облыс әкімі Амандық Баталовтың төрағалығымен өткен облыс әкімдігінің отырысында талқыланды.
Алматы25 Желтоксан , 18:02

Аймақ әкімдігінен хабарлағандай, облыс әкімінің орынбасары Серік Тұрдалиевтің айтуынша Жетісу Қазақстан аймақтарының ішінде туристік әлеуеті ең зор өңір болып саналады. Соған қарамастан әзірге сыртқы туризм 1 %-тен астам, ішкі туризм 98% құрайды.

«2015 жылдың 9 айында Алматы облысындағы туроператорлар 200 мыңға жуық туристке 2,6 млрд. теңгеге қызмет көрсеткен. Алайда өңірдің мүмкіндіктерінің әзірге тек 25% ғана пайдаланылып отыр», - делінген хабарламада.

Әкімдіктің мәліметі бойынша, Жетісуды Қазақстанның туризм орталығына айналдыру үшін мақсатты жұмыс жүргізілуде. Мәселен, 2015 жылы құны 6,1 млрд. теңге болатын 26 жаңа нысан пайдалануға берілді. Олардың басым бөлігін жеке инвесторлар Алакөл, Ұйғыр, Райымбек аудандарында салды.

Алдағы уақытта мектептердегі туристік клубтардың желісін кеңейту, Жас туристер станциясын қайта ашу, туризм мен спорттың қысқы түрлерінен мектепте қосымша сабақ ашу, Алакөл көлінің жағалауын бекіту жұмыстарын жүргізу, туристерді қабылдау үшін халықаралық стандарттарға сай санат алу мақсатында қонақ үйлер мен басқа да нысандардың өз еркімен сертификат алуын ұйымдастыру ісі жолға қойылмақ.

Кездесу барысында облыс әкімі Амандық Баталов туризмді дамыту үшін Алматы қаласындағы турфирмалармен өзара тығыз байланыста жұмыс істеп, халықаралық деңгейге шығу жолында имидждік шараларды қолға алу қажеттігін атап өтті. Бұл орайда Амандық Ғаббасұлы туризм нысандарының құрылыс сапасы тұрақты түрде мемлекеттің бақылауында болатынын, ең алдымен сапасы, дизайны мен жайлылығы ескерілуі тиіс екенін де айтты.




Яндекс.Метрика