Білім беру

Шымкенттік әскери мектеп тәрбиеленушілері жаңа бағдарлама бойынша оқиды

Кеңес Одағының Батыры Сабыр Рақымов атындағы Шымкент «Жас ұлан» республикалық мектебінің тәрбиеленушілері жаңа оқу бағдарламасы бойынша оқитын болады. Ол бағдарлама «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының сарапшыларымен бірлесіп әзірленді, деп хабарлады ҚР ҚМ.
Оңтүстік Қазақстан 25 Желтоксан, 09:28

Жеке оқу пәндерін, оның ішінде бастапқы әскери дайындықты оқу сағаттарының санын ұлғайту жоспарлануда.  Сонымен қатар жаңа пәндер пайда болады. Мәселен, бағдарламаға кірген мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдеріне екінші қосымша шет тілі – түрік тілін қосу жоспарлануда.

Мектеп басшылығының айтуы бойынша қазіргі мақсатымыз оқу орнын сапалы жаңа деңгейге шығару болып отыр. Ұландар – қазақстандық армияның болашақ офицерлері жан-жақты дамыған, білімнің әртүрлі саласында зияткер, болашақ командирлердің бойындағы көшбасшылық, ұйымдастырушылық қасиеттері болуы тиіс.

Мектепте бұған қоса қосымша жаңа факультативтік сабақтар, яғни, әр ұланның қызығушылығы бойынша үйірмелер енгізіледі.  Олардың саны 2-ден
10-ға дейін ұлғайтылды. Осылайша, мектеп тәрбиеленушілері енді компьютерлік модельдеуді, хореографиямен шұғылдануды, әскери әдепті және тағы басқаны үйренеді.

Мектеп оқытушылары да назардан тыс қалмайды. Олар шетел тілдерін үйренуге мүмкіндік алады.

Келешекте Шымкент шаһарындағы әскери мектептің осы бастамалары мен тың жаңалықтарын Алматы мен Қарағанды қаласындағы әскери мектептер де қолдауы мүмкін.

Естеріңізге сала кетейік, 2015 жылдың қазанында бұдан бұрын ҚР Білім және ғылым министрлігінің қарамағында болған Алматы, Қарағанды және Шымкент қалаларындағы Республикалық әскери мектеп-интернаттары ҚР Қорғаныс министрлігінің қарамағына берілгенін және 2015 жылғы 26 қыркүйектегі Үкімет қаулысына сәйкес қайта аталған. 





Яндекс.Метрика