Парламент

Сенат «Атом энергиясын пайдалану туралы» заңды қабылдады

ҚР Парламенті Сенаттының жалпы отырысында депутаттар «Атом энергиясын пайдалану туралы» заңды қабылдады.
Нұр-Сұлтан24 Желтоксан , 11:14

«Заң жобасы ядролық, радиациялық және электрофизикалық қондырғыларды орналастыру, салу, пайдалану және пайдаланудан шығару кезінде қауіпсіздіктің қағидаттары мен негізгі талаптарын белгілеуге бағытталған. Атом энергиясын пайдалану кезінде қауіпсіздікті қамту және оны реттеу атом энергиясын пайдаланатын мекемелерге қауіпсіздік деңгейінің талаптарын орындауға, оларды жүзеге асыруға кететін шығындарды азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, заң жобасы қоршаған ортаны қорғауды көздейді, яғни, мемлекеттік органдар мен ұйымдардың жауапкершілік уәкілеттілігін анықтау арқылы қоршаған ортаны қорғаудың тиімді жолдары анықталады», - деді ҚР Энергетика министрі Владимир Школьник заңжобасын туралы баяндама жасау барысында.  

Сонымен, депутаттар талқылай келе «Атом энергиясын пайдалану туралы» заңды қабылдады.

Сонымен қатар, бүгін Сенатта осы құжатқа ілеспе заң – «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне атом энергиясын пайдалану мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын да екі оқылымда қарады. Аталған заң жобасы аясында азаматтық кодекске енгізілетін түзетуді алып тастау көзделген. Бұл түзетудің мағынасы – егер сақтандыру жағдайы радиацияның немесе радиоактивтік зақымданудың салдарынан орын алған болса, сақтандырушылар сақтандыру төлемінен босатылмайтындығына кепіл береді. Өзгерістің мақсаты – атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану жөнінде, мысалы, мұнай саласында, геологиялық барлауларда, медицинада және басқа да осы сияқты қызметті жүзеге асыруға байланысты, сондай-ақ экономиканың барлық саласында аппараттар мен қондырғыларды пайдалану кезінде радиацияның әсерінен зардап шеккен үшінші тұлғаларға қатысты радиациялық тәуекелдерді сақтандыруды заңнамалық тұрғыда бақылау.

Ботагөз Айтжанова




Яндекс.Метрика